$ 498.34  519.72  4.85

Жылыжай құрылғылары өзімізде шығарылады

Елбасы үкімет отырысында экономикалық жағынан тиімді әрі мол өнім беретін жылыжай көлемін ұлғайту керектігін атап өткен болатын. Шымкенттегі Zero Max Kz жылыжай құрылымдарын өндіру зауыты дәл осы тапсырманы орындау үшін тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр.

Индустрияландыру картасы шеңберінде ашылған кәсіпорын жылына 376 гектар жерге жететін жылыжай құрылымдарын шығаруға қауқарлы. Болашақта пленка мен тамшылатып суаруға мүмкіндік беретін қондырғыларды да өндірмек.

Бақытжан Реджепов зауыт ашылған күннен бастап еңбек етіп келеді. Ол кәсіпорындағы алып қондырғыны басқарады. Озық технологияның тілін шетелге барып оқып, игеріп келді. Өзбекстаннан ата жұртқа қоныс аударған математика пәнінің оқытушысы жүрек қалауымен өндіріске ауысады. Қазір өз ісін толық меңгерген.

 «Өлшемдерді бергеннен кейін бұл аппарат автоматты түрде өзі істейді. Бұл жерде жалпақ түрінде келген листті керекті домалақ не төрт бұрышты фигураға салып, оны дәнекерлейді. Керексіз шығындарды қырнап алып, оны алюминий қабатпен сырлап, дайын күйде шығарамыз», - деді оператор: Бақытжан Раджепов.

Зауыт жылыжайдың сыртқы қаңқасымен бірге 50-ге жуық қосалқы бөлшектерін шығарады. Шикізат отандық. Мырыштан жасалған темір бұйымдары шірімейді.

Цех басшысы Оразбай Қадыровтың айтуынша, монтаждың қосалқы бөлшегінің барлығы осы зауыттан шығады. «Енді бізде пленка зауытын саламыз деп жатырмыз, биыл бастаймыз. Кейін тамшылатып суару бөлшектерін Оңтүстік Кореядан алып жатырмыз. Жақында зауыт бітсе, жылыжайдың барлығы өзімізден шығатын болады», - дейді ол.

Кәсіпорын жылыжай құрылымдарын өндіріп қана қоймай, оны толық құрастырып, іске қосып береді. Кепілдемесі тағы бар. Бұзылса, өздері жөндейді.

 «Қазіргі кезде жылыжайға сұраныс көбейіп жатыр. Қазіргі күнге дейін 150 гектар жылыжай өнімдерін шығарып, сол сұраныстарға салып бердік. Толық қуатта жұмыс істеп тұрған зауытта жалпы 60-қа жуық адам еңбек етеді. Олардың дені - ауыл жастары», - деді  жылыжай құрылымдарын өндіру зауыты басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Әлмахан Айтмухамедов.

Мемлекет қолдауының арқасында аяқтан тұрған кәсіпорын жұмыла еңбек еткенде ғана кез келген қиындықты еңсере алатындарына сенімді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары