16.08.2019, 20:38

Түркістанда ер адам өгей шешесі мен оның қарт анасын өлімші етіп сабаған (ВИДЕО)

Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері екі әйелді ұрып-соққан азаматқа іздеу салып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

Түркістан облысы Келес ауданында екі әйелді ұрып-соққан күдіктіге іздеу салынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. 2019 жылдың 15 тамызында Келес аудандық полиция бөлімшесіне екі әйелдің тән жарақатымен ауруханаға түскені хабарланған. Ал, тәртіп сақшылары оқиға орнына тамыздың 14-інен 15-іне қараған түні барып, түркістандық азаматтың өгей шешесі мен оның анасын сабап, қашып кеткенін анықтаған. Енді, Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері екі әйелді ұрып-соққан азаматқа іздеу салып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

«Бұл факт ҚР Қылмыстық Кодексінің 107-бабы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зақым келтіру» және 149-бабы «Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр және онда оқиғаның мән-жайы анықталады. Ал, күдіктіге іздеу салынды», - делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің хабарламасында.

Тегтер: Түркістан