16.08.2019, 21:55

«Күйеуіңді өлтіріп, өзіңді зорлаймын». Соққыға жығылған қоқыс жинаушының әйеліне қысым жасалуда

Балағат сөзге толы әңгіме жазылып та қалған.

Алматыда басбұзарлардан таяқ жеген қоқыс жинаушының енді әйеліне қоқаң-лоққы жасалып жатыр. Бибігүл Әлішерова бүгін түнде өзіне біреулердің қоңырау шалып, күйеуін өлтіріп, ал өзін зорлап кетеміз деп қорқытқанын жеткізді. Балағат сөзге толы әңгіме жазылып та қалған. Ал осы оқиғаға қатысты бүгін алдын ала сот процесі басталуы керек болатын. Бірақ, басты күдіктінің адвокатының келмеуіне байланысты, іс басталмай жатып, кейінге қалды. 

Үстінен іс қозғалып жатса да, күдіктінің ойында он тиын жоқ. Екі қолы қалтада, ал аузында сағыз. Тек оның өзі ғана емес, адвокаты да сотқа немқұрайлы қарайтын сияқты. Олай дейтініміз, «сот отырысы болады» деп 10 күн бұрын хабарланғанына қарамастан, қорғаушысы «қолым бос емес» деп судьяға сәлем айтып жіберді.   

- Бүгін оның қолы бос емес. Басқа процесте отыр. Сондықтан отырысты басқа күнге шегеруіңізді сұраймын. – Бірақ процесті бүгінге белгілеп қойдық қой. – Соны бұрынырақ білгенімде... – Процесті 10 күн бұрын белгілеп, 10 күн бұрын сізге хабарлағанбыз. – Негізі, мен тараптар ортақ келісімге келетін шығар деп ойлағанмын. 

«Сот алдында жауап беремін деп ойламадым» деген күдіктінің сөзіне судья да, прокурор да таң қалды. Бірақ, амалсыз күдіктінің айтқанына көнуге тура келді. Ал процесті кейінге қалдыртқызған күдікті болса, камераға сөйлеуден үзілді-кесілді бас тартып, келген ізімен қайтып шығып кетті. Десе де, жігіттің шашбауын көтеріп келген туыстары ұлдарының кінәсіздігін айтып, сот алдында шатақ шығарды.  

- Сіздерге сенсация ғана керек пе? Ал неге менің баламның төбелесуге емес, ажыратуға бара жатқанын көрсететін видеоны салмайсыздар? Тек соңын саласыздар. Неге? 

Айтуларынша, ұлдары керісінше төбелескендерді ажыратып жүр екен. Ал оңбай таяқ жеген қоқыс жинаушы оның жұдырығына өзі кез болған. Таспадағы төбелесті өздерінше талдаған тарап сұхбат беруден бас тартты. Десе де, өзімізді сотқа береміз деп сес көрсетіп кетті.          

Бибігүл Әлішерова: 

- Еш саспай тұр. 

«Мен ештеңе істеген жоқпын, не істей аласың?» деген сияқты болып тұр. Енді білмеймін. Бірақ бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Бірінші сотты бұлай жылжиды деп ойлаған жоқпын. Ал зардап шеккен Сырлан Омаровтың әйелі өзін қоярға жер таппай жүр. Оның айтуынша, өзіне де әлдебіреулер сес көрсетіпті. Түн ортасында қоңырау шалғандар күйеуі екеуінің де жазасын беретінін айтқан.  

Бибігүл Әлішерова: 

- Маған неше түрлі балағат сөздер айтты. 

«Күйеуіңізді өлтіріп кетемін, контейнерге салып кетемін. Тағы өзіңді көрген жерімде зорлап кетемін. Қолыңнан не келеді?» деген сияқты. Менің аузыма тіпті сөз келмей қалды. Көзіме жас келді. Не істерімді білмей қалдым. Ары қарай не боларын білмеймін енді. Кәдімгідей қорқып қалдым. Мен шок болдым. Мұндай жағдай басымыздан өтпеген. Анандай сөздер сүйегімнен өтіп кетті, шыны керек. Күйеуін таяқтаған күдіктілер бостандыққа жіберілген күні келіншек ұялы телефонына дыбыс жазатын қосымша орнатып алған. Соның арқасында бұзақылардың әңгімесі жазылып қалған. Сотты тоқтатуды талап етіп, қоқаң-лоққы көрсеткендерді қазір полицейлер анықтап жатыр.

Тегтер: Алматы