16.08.2019, 23:39

Арыс вокзалының бірнеше бөлігінің сараптамаға жіберілгені хабарланды

Вокзал ішіндегі суреттің бірнеше фрагменті алынып, Алматыға сараптамаға жіберілген.

16 тамыз күні Арыста арнайы комиссия Арыс вокзалы құрылысының заңдылығын қарады. Комиссия мүшесі, профессор Сәдуақас Ағытаев Азаттыққа вокзалдың тарихи құндылығын анықтау үшін бірнеше фрагмент алынып, Алматыдағы жеке компанияға сараптамаға жіберілгенін айтты.

14 тамыз күні Мәдениет және спорт министрлігінің не Түркістан облыстық мәдениет басқармасының рұқсатынсыз мемлекет қорғауындағы Арыс вокзалының жөнделіп жатқанын жазған.

Облыстық мәдениет басқармасының мәліметінше, бір күннен кейін мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дауешов вокзалға келген. Арнайы комиссия құрылып, тарихи маңызға ие нысанның сыртқы келбеті мен ішкі әрлеу жұмыстарын талқылаған.

Комиссия мүшесі профессор Сәдуақас Ағытаев Азаттыққа құрылыс жұмыстары талапқа сай жүріп жатқанымен, бір сұрақтың бар екенін айтады. Оның сөзінше, вокзалдың ішіндегі көркем суреті бар қабырға сылағы түсірілген кезде бірінің үстіне бірі салынған суреттер шыққан. Вокзал ішіндегі суреттің бірнеше фрагменті алынып, Алматыға сараптамаға жіберілген. Мамандар әртүрлі бояу мен бірнеше суретті байқаған.

- Вокзалдың құжаттарын қарадық. Суреттердің көркемдік құндылығы анықталмады. Төлқұжатында көркем суреттің авторы жазылмаған. Жиын хаттамасына «егер көркем суреттің құндылығы сараптамамен дәлелденсе, үкімет оған ақша қарастыруы керек» деген сөз кіргізілді. Жарылыстан кейін Арыс вокзалы апатты жағдайға түскен. Үкіметтің вокзалды қалпына келтіру туралы шешімі бар. Төтенше жағдайда тарихи ғимаратты жөндеуге министрлік не басқарманың емес, үкіметтің шешімі маңызды. Вокзалдың төбесі түсіп не қабырғасы опырылып астында адам қалуы мүмкін. Өнер бір адамның жанына тұрмайды. Мәдени құндылық пен адамның жаны қатар тұрса, адамның қауіпсіздігі артық, - дейді Сәдуақас Ағытаев.

Тегтер: Арыс