$ 495.2  522.34  4.94

Аптап ыстықтан Қостанай облысындағы егін күйіп кетті

Диқандар, әйтеуір, бидайдың ораққа іліккенін жинап жатыр. Әзірге көрсеткіш – гектарына 2 жарым центнер ғана. Ал егіні мүлде шықпай қалған 5 шаруашылық өтемақы алуға өтініш беріпті.
фото: 24.kz
фото: 24.kz

Қостанай облысында құрғақшылықтың кесірінен мыңдаған гектар алқапқа егін мүлдем шықпай қалды. Ылғалдың жетіспеушілігінен, әсіресе, облыстың оңтүстік аудандарының диқандары қатты зардап шеккен. Шабындықтарға да шөп шықпай, мал азығының тапшылығы туындап отыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы «Қазақстан» арнасына сілтеме жасап.

«Жаздай жаңбыр тамбаған. Соның кесірінен егін күйіп кетті. Бойы 10 см-ден аспайды. Басында бір түйір дән жоқ. Яғни, бұл алқаптағы астық жинауға жарамсыз», – дейді арна тілшісі.

Өңірде 22 жылдан бері егін егіп жүрген Нұрқат Ташмағанбетов есімді тұрғын осынша уақыт ішінде мұндай жағдайды басынан өткермегенін айтады. Ол биыл 1400 гектар жерге дән сепкен екен. Көктемде ылғал жауып, тыңайтқыш сеуіп, топырақ баптаудың барлық талабын мүлтіксіз атқарған. Осының бәріне 35 миллион теңге қаржы жұмсапты. Алайда, аптап ыстық сол есіл еңбек пен қыруар қаржыны «күйдіріп» жіберген.

«Әкімдік, Үкімет тарапынан көмек болмаса, келесі жылы еге алмаймыз егінді. Қоятын шығармыз бәрін. Қарамағымда 15-20 адам бар. Оның бәрі жұмыссыз қалады. Қазір жалақыны қалай берерімді білмей отырмын. Жағдай өте қиын. Наурызым ауданы бойынша егіс алқабы – 245 мың гектар. Соның 30 пайызы толық күйіп кеткен», – дейді шаруа.

Диқандар, әйтеуір, бидайдың ораққа іліккенін жинап жатыр. Әзірге көрсеткіш – гектарына 2 жарым центнер ғана. Ал егіні мүлде шықпай қалған 5 шаруашылық өтемақы алуға өтініш беріпті. Мамандар мұндай өтініштің әлі талайы түсуі тиіс деседі.

«Облыста арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында министрліктен бастап, облыстық басқармалардың өкілдері бар. Алқаптарды аралап, хаттамалар толтырдық. Соған сәйкес, шаруаларға қандай көмек көрсету қажеттігін анықтаймыз», – дейді Наурызым аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Евгений Ярошенко.

Жалпы, биыл Қостанай облысының диқандары 5 миллион гектарға жуық алқапқа дән салған. Соның 1 миллион гектардан астамына ғана егін бітік өсіпті. Қалғанының шығымы төмен немесе мүлде ораққа ілікпейді. Ендігі мақсат – осы азғантай астықты ысырапсыз жинап алу. Ал шығынға батқан шаруаларға қалай, қаншалықты көмек көрсетілетіні туралы әзірге нақты мәлімет жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары