Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік соты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған қала тұрғынына қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.
Іс-материалдарына сәйкес, құқық бұзушы Л. масаң күйде Усолка көшесінде, жағалауда, полиция қызметкеріне былапыт сөйлеген.
Осы әрекеті арқылы ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық жасады деп оған айып тағылды.
«Сот қаулысымен қала тұрғыны әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 2 тәулікке қамаққа алу түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Қаулы заңды күшіне енді», - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.