Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында «Назарбаев оқулары: тәуелсіз сот билігін қалыптастырудағы Президенттің рөлі» тақырыбында салтанатты іс-шара өтті.
Оған облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов, ардагер судьялар мен заңгер ғалымдар, облыстық, аудандық соттардың судьялары мен мамандары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Сот ғимаратында ұйымдастырылған іс-шара барысында қатысушылардың назарына Тұңғыш Президент туралы бейнероликтер мен «Елбасының еңбектері мен шығармалары» атты арнайы кітап көрмесі ұсынылды.
Мерекелік іс-шараны ашқан ОҚО сотының төрағасы Н.Шәріпов: «Биылғы жыл Қазақстан үшін Н.Ә.Назарбаев басшылық еткен мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделінің озық тәжірибесін айшықтайтын, тарихи сипаттағы бірқатар атаулы оқиғалармен елеулі. Солардың қатарында Мемлекет басшысының «100 нақты қадам - Ұлт жоспарында» белгіленген мақсаттарының ауқымдылығы қоғамның бірігуі мен топтасуының жалпыұлттық факторы болып табылады», - деді.
Іс-шара барысында ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Түрік еліне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор М. Мырзахметұлы, облыстық соттың судьялары А.Сағындықова, М.Пәрменов, Сарыағаш ауданының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы С.Күсембаева және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Х.Бациев, тағы басқа сөйлегендер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеудің идеялық мазмұны мен қоғамда Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігін құрудағы, оның XXI ғасырда дамуындағы тарихи рөлі төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты.