$ 494.87  520.65  4.91

Мектепке дайындық үшін көмектің аздығына ашынған әйелдер Ақордаға келді

Наразылар әкімдік өкілімен сөйлесіп жатқанда оларды арнайы жасақ қоршап тұрды.

19 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында қырықтан астам әйел Ақорда алдына келіп, көп балалы отбасыларға балаларды мектепке дайындық үшін берілетін көмектің аздығына шағымданды, деп жазады Азаттық.

Наразыларға шыққан Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің сөзінше, әкімдік тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға мектеп формасы үшін 30 мың теңге (шамамен 78 доллар) бөлген. Бақтияр Мәкен Нұр-Сұлтанда арзан мектеп формасын сататын жеті дүкен барын, 30 мың теңгеге бір баланы киіндіруге болатынын жеткізді. Ақорда маңына жиналған әйелдер әкім өкілінің сөзін жоққа шығарып, 30 мың теңге баланы мектепке дайындауға жетпейтінін айтады.

Әкім орынбасарының сөзінше, балаларды мектепке дайындау үшін әкімдіктен көмек алатын отбасылардың көбі атаулы әлеуметтік көмекпен де қамтамасыз етілген.

Наразылар әкімдік өкілімен сөйлесіп жатқанда оларды арнайы жасақ қоршап тұрды. Ақорда маңында он шақты автобустар және бір жедел жәрдем көлігі де болды.

Кейін Бақтияр Мәкен әкімдікке кетіп қалды. Наразы аналар Ақорда маңынан сегізден өте тарады. Алдағы күндері талаппен билікке қайта келетіндерін айтты.

Биыл 4 ақпанда Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған.

Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейді. 6 ақпанда ел астанасында жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап етті.

21 ақпанда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті "халықтың жағдайын жақсарта алмады" деп сынап, таратып жіберді. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Нұрсұлтан