20.08.2019, 08:20

Екібастұзда мас адамның кесірінен алты балкон жанып кетті

Өрт салдарынан 15 адам эвакуацияланды.

Екібастұзда мас адамның кесірінен алты балкон жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

Өрт салдарынан 15 адам эвакуацияланды. Оның төртеуі – бала. Оларды өрт сөндірушілер саты қойып сыртқа шығарды. Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өрт туралы хабарлама 19 тамызда сағат 08:54-те жеткен. Екібастұздағы екі бөлмелі пәтердегі өрт салдарынан көрші орналасқан алты балкон жанып кетті. 

Жалын 18 шаршы метрді шарпыды. Жанып жатқан пәтерге кіру үшін құтқарушылар темір есікті бұзып ашуға мәжбүр болды. «Өрттің алдын ала анықталған себебі – темекі шегу кезінде абай болмау. 

Өрт сөндіруші Жоламан Балғожинов газдан қорғау қызметімен бірге еденде жатқан пәтер иесін тапқан. Мас адам ес-түссіз жатқан. 1954 жылғы зардап шегушінің денесінің 36 пайызын бірінші және екінші дәрежелі күйік шалған», делінген хабарламада. 

Пәтер иесі қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа деп бағалайды. Өрт сөндірушілер жалынды сағат 10:20-да сөндірді. 

Оған16 қызметкер жұмылдырылды. Екібастұз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өрттен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету үшін арнайы комиссия құрылды. Жақын арада олардың әрқайсысы 30 АЕК көлемінде өтемақы алады.

 

Тегтер: Екібастұз