20.08.2019, 20:56

Қазақстан еліміздегі қымбатшылықты Ресейдегі инфляциямен байланыстырды

Ол бағаны базардағылар мен дүкендер өсіріп отырғанын жеткізді.

Қазақстанда сарымсақ, картоп, күріш және бірінші сортты ұн бағасы қымбаттады. Бұл туралы 20 тамызда үкімет отырысында ұлттық экономика министрлі Руслан Даленов айтты, деп жазады Азаттық.

Министрліктің дерегінше, орта есеппен сарымсақ – 79 пайыз, сәбіз – 59,3 пайыз, картоп – 32,9 пайыз, күріш – 23,8 пайыз, бірінші сортты ұн 14,3 пайыз қымбаттаған. Ол бағаны базардағылар мен дүкендер өсіріп отырғанын жеткізді.

– Базардағы баға өндірушілер мен импорттағы бағадан қымбат. Мысалы өндірушілер сәбіздің келісін 67 теңгеден (0,17 доллар) сатса, базардағы бағасы 151 теңге (0,4 доллар), - деді ол.

Биліктің айтуынша, баға Нұр-Сұлтанда қатты қымбаттаған. Мәселен, ел астанасында сәбіз – 2,4 пайыз, сарымсақ – 85,5 пайыз, картоп – 824 пайыз, күріш – 21,6 пайыз, ұн 20,8 пайыз өскен.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың сөзінше, жүйелі өндірістің жоқтығынан, делдалдардың көптігінен, сақтау шарттарын сақтамаудан азық бағасы қымбаттаған. Министр қымбатшылыққа Ресей экономикасының әсері барын айтты.

– Еуразиялық экономика одағының ортақ нарығындағы баға реттеу де әсер етеді. Ресейдегі бағаның өскендіктен бізде де қымбатшылық болып жатыр, - деді ол.

Үкімет инфляция көлемін 4-6 пайыз арасында ұстау үшін халық көп тұтынатын он азық-түліктің бағасын бақылап отыруға уәде берді.

– Он тауарға сарымсақ, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан кіреді. Осы азық-түліктерге бақылау жасап, бағасын арзандату жағын қарастырамыз, - деді Дәленов.

Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, шілде айының қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция көлемі 5,4 пайызды құрайды.

Кейбір сарапшылар қымбатшылық «ішкі өндіріс көздерінің аздығынан және импортқа тәуелділіктен болып жатыр» деп санайды.

Тегтер: Қазақстан