21.08.2019, 11:05

Оңтүстік Кореяға жұмысқа орналасуға барған әйел алаяқтың құрығына түсіп қалды (ВИДЕО)

Телеарнаның мәліметінше, барлығы жарнамадан басталған. Көрсетілген нөмірге хабарласқандардың барлығы көп ақша табуды армандап, сол үшін елден кетуге дайын болған.

Оңтүстік Кореяға жұмысқа орналастырып беремін деп алдап, ақша алған оқиға тіркелді. Алданған әйел Сеул қаласының әуежайынан әрі аса алмапты, деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы"

Телеарнаның мәліметінше, барлығы жарнамадан басталған. Көрсетілген нөмірге хабарласқандардың барлығы көп ақша табуды армандап, сол үшін елден кетуге дайын болған. Алаяқтар әйелге "виза, сақтандыру полисі, жұмысқа орналастыру барлығын өзіміз тындырамыз" деп уәде берген. Сенген адамдар оған миллионнан көп ақшаны қолына санап берген. Топта 8 адам болды. Алаяқ барлығын Алматыдағы әулиелерге апарып, сұлулық салонына апарған. Бұл қызметтер үшін әр адамнан жүз мың теңгеден қағып алыпты.  

"Көк базарға апарып бізді киіндіре бастады. Бізге артық шығын керегі жоқ, онсыз да қарызға белшеден баттық деп едік оған құлақ асқан жоқ. Сол кезде бір шикіліктің бар екеніне күдіктене бастадым. Мен ол келіншекке 550 мың теңге бердім", - дейді жәбірленуші Айжан. 

Сондай-ақ, телеарна тілшілері Алматыдан Кореяға сегіз адамның барғанын айтады. Билеттерді Өзбекстан арқылы алыпты. Сеулге барғанда інісі күтіп алып, жұмысқа орналастырады деп ескерткен екен. Алайда олар әуежайдан ары аса алмапты. 

Кореяға жұмысқа орналастырып беремін деп уәде берген Индира есімді әйел бір адамды 650 мың теңгемен жіберетінін айтады. 

"650 мыңмен жіберемін бір адамды. 650 мыңның ішіне ұшақ билеті, қонақүй, сақтандыру, кеден қызметі және Кореяға барғанда жұмысқа орналастырып бергенім кіреді 650 мыңның ішіне. Виза екі жылдық, бірақ ол бөлек мың доллар болады", - дейді Индира. 

Айжан Индираға берген ақшасының тек 40 пайызын ғана қайтарып бергенін айтады. Бір қызығы алданғандардың  ешқайсы полицияға шағым түсірмеген.