22.08.2019, 14:00

Мұғалімді функциясынан тыс жұмысқа тартуға мектеп басшылығының құқығы жоқ - БҒМ

Осыдан бірнеше күн бұрын Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Шүкір Еркінов орта мектебінде мұғалімдер мектепті ақтап, сырлап жүргені туралы видео әлеуметтік желіге тарап кеткен болатын.

Мұғалім өзін басшылық жөнсіз жұмысқа салса не істеуі керек? Қайда хабарласып, жағдайын айта алады? Бұл туралы Білім және Ғылым Министрлігі жауап берді, деп жазады Stan.kz ақпараттық порталы.

Осыдан бірнеше күн бұрын Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Шүкір Еркінов орта мектебінде мұғалімдер мектепті ақтап, сырлап жүргені туралы видео әлеуметтік желіге тарап кеткен болатын.

«Мұғалімді функциясынан тыс жұмысқа тартуға мектеп басшылығының құқығы жоқ.  «Білім туралы» Заңның Педагог қызметкердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі жайлы жазылған 51-бабы, 4-тармағында нақты осы жағдай туралы айтылған. Онда: «Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог жұмыскерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді» - делінген. Мұғалімдерді қызметінен тыс жұмыстарға тартқан жағдайда, олар білім беруді басқару органдарына хабарласа алады», – дейді Білім және Ғылым министрлігі. 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 16 тамызында өткен білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясында мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысқа тартатын әкімдер мен мекеме басшылықтарын сынға алған болатын. 

«2019 жылдың 16 тамызында өткен білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Педагог жүктемесін қысқартатын, кәсібіне сай емес қызметтерге тартуға тыйым салатын шектеу қою, шектен тыс есептілік пен негізсіз тексерулерді шектеу дербес қаралады», –  деп мәлімдеді.  «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасында педагогтарды қолдаудың кешенді шаралары қамтылатынын айтты. Яғни, бұл құжатта мұғалімдер жүктемесін азайту, оның ар намысының қорғалуының кепілдігі, материалдық ынталандыру шаралары қамтылатын болады», – дейді БҒМ.