$ 494.87  520.65  4.91

«Төсекте дөрекілік көрсетеді»: психолог әйелдердің күйеулері жайлы қандай шағым жасайтынын айтты

Қазақстандық психолог әйелдердің қандай проблемамен келетінін айтып берді.

Қазақстанда әйелдер психологтың көмегіне жиі жүгінеді. Дегенмен, ерлер де өз проблемаларын ашық айтады. Sputnik Қазақстан-ға сұхбат берген психолог Серікгүл Сәлі қыз-келіншектердің қандай мәселемен келетінін және отбасыда болатын негізгі проблемалардың шешімін айтты.

"Күйеуімен арадағы қатынаста ортақ түсінік жоқ"

Серікгүл Сәлі әңгімесін қазіргі кездегі маңызды мәселелердің бірінен бастады.

"Маған дін жолындағы кісілердің әйелдері көп психологиялық проблемамен хабарласады. Олар ортадағы қарым-қатынасты дұрыс жолға қоя алмайды. Күйеуімен арадағы қарым-қатынаста ортақ түсінік жоқ. Көбінесе, бір жақты болады. Күйеуі бәрін шешеді, күйеуі билейді, күйеуі төстейді", - дейді Сәлі.

Психологтың айтуынша, ондай еркектер сырт көзге өте сыпайы, әйеліне қамқор және бәрін дұрыс орындайтын адам болып көрінеді. Содан әйелдері ешкімге шағымдана алмайды.

"Стресс" шығарудың жолы

Дін жолындағы адамдардың келіншектері жыныстық қатынаста күйеуінің дөрекілік танытатынын да ашық айтады. Содан зардап шеккеннен кейін психологты іздей бастайды, дейді ол.

"Жеке-дара қалған кезде әйелі жасағысы келмейтін нәрсені жасатады. Отбасы бола тұра жасайды. Маған бірнеше әйел бәрін ашық айтты, - деді Сәлі.

Оның сөзіне қарағанда, аталған мәселенің физиологиялық астары бар. Ер азаматтар табиғатынан өте белсенді өмір сүреді. Түрлі күйзелістер болады. Соны шығару үшін біреулер жолдастарымен жиналып, сыра ішеді, енді біреулер балыққа барады. Сөйтіп, өздерінің әлеуметтік күйзелісін жеңілдетеді.

"Ал дін жолына түскендерде бұндай жоқ. Оларда "стресс" шығарудың жолы болмағаннан кейін ол жыныстық жолмен ғана шығады. Олар түн болғанда өздерін билей алмайды. Себебі психология адамнан жоғары, бәрібір денені билеп әкетеді. Сондықтан ата-салтымыз бойынша дін жолына әбден шынығып, оңы мен солыңды танығаннан кейін түскен дұрыс", - деп атап көрсетті Сәлі.

Отбасын сақтау құпиясы

Психолог Серікгүл Сәліге ер адамдар да жиі хабарласып тұрады. Олар әйеліне деген қызығушылықтың төмендегенін айтып, психологиялық көмек сұрайды.

"Олар айтатыны - балаларымыз бар, үйге қол жеткіздік, машина да сатып алдық, қысқасы, бәрі бар. Бірақ отбасымда өзімді бақытты сезіне алмаймын дейді. Осындай мәселемен келеді. Содан сөйлесе келе, олар өз әйелінен жыныстық қанағат та алмайтынын айтады. Жақындағысы келмейді, әйелі оны шабыттандыра алмайды", - дейді Сәлі.

Маман осы мәселенің басты себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, жас қыздар тұрмысқа шыққанда өздері үшін отбасылық құндылықтарды бірден анықтап алуы қажет.

"Бұрын баршаға ортақ бір құндылық болған. Бәрі отбасы құрады да, таңнан кешке дейін мемлекетке қызмет етеді. Кешке қарай мемлекеттің құрып берген кестесі бойынша газеттерін оқиды, биге шығады, киноға барады. Бұрынғы өмір осылай болды. Қазіргі құндылық ол емес. Бүгінде отбасын құрған екі адамның ортақ құндылығы болуы керек", - дейді психолог.

Оның айтуынша, бүгінде қыздардың көбісі "Мен бұдан не аламын?" деген оймен тұрмысқа шығады. Содан күйеуге тигеннен кейін "Сен маған назарыңды аудармадың, махаббатыңды бермедің, киім алып бермедің, мені қыдыртпадың" деп, бәрін өзіне ғана сұрай береді. Осы ұстаным, керісінше, "Мен бұған не беремін?" деген сипатта болуы керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары