«Қазақстан темір жолы» тағы 40 млрд теңге қарыз тартты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
ҚТЖ осынша миллиардтарды «Қазақстандық қор биржасында» (KASE) 15 жылдық облигацияларын орналастыру арқылы тауып отыр. KASE хабарлауынша, ұлттық темір жол операторы өзінің KZ2C00005866 (TMJLb6) облигацияларына арзан қаражат тарта алды: 2034 жылғы 20 тамызға дейін шығарылған құнды қағаздың сыйақысына ұлттық компания жылдық 2% ғана төлейді. Биржадағы ҚТЖ облигацияларын сату бойынша мамандандырылған саудаға жалғыз ғана қатысушы қатысқан. Ұлттық компанияның 40 миллион қағазының әр данасын 1 мың теңгеден сатып алып, 40 млрд теңгені де сол берді. Алматыдағы «Орталық құнды қағаздар депозитарийі» АҚ-ы дерегінше, сауда нәтижесі бойынша тараптар есеп айырысып, мәмілені орындаған. Нақтылай кетсек, өтініштің қабылданғаны 11:30 шамасында расталса, қаржының төленген уақыты ретінде сағат 13:30 көрсетілген. Облигациялар 5 мың 400 күнге беріліп отыр. Қазақстандық қор биржасы өтініш «жабық» тәсілмен берілгенін мәлім етті. Яғни, ҚТЖ құнды қағаздарын кімнің иеленгені белгісіз. Жалпы, компания дүркін-дүркін қомақты қарыз алып тұрады. KASE сарапшылары биылғы 10 шілдеде солардың бірі – халықаралық облигациялар бойынша (XS0799658637, US48667DAD66, TMJLe1) «Қазақстан темір жолы» 14-ші рет төлем төлегенін мәлім етті. Төлем көлемі 38 миллион 225 мың долларды құраған. Бұдан бөлек, 2019 жылғы 26 шілдеде ҚТЖ тағы бір облигациялары (KZ2C00004109, TMJLb4) бойынша төртінші купонын өтеді. Оның сомасы 1 миллиард 375 миллион теңгеге жетті. Бұдан бұрын ірі көлемдегі қарызды «Қазақстан темір жолы» 2016 жылғы 25 сәуірде тартқан болатын: онда ол Алматыда орналасқан отандық биржада 50 миллиард теңгеге облигацияларын орналастырды (KZP01Y10F217, KZ2C00003564, TMJLb3). Бірақ ол үшін төлейтін сыйақысы да мол – 10 жыл бойы жылдық 16,92%-дан беріп отырады.