Көкшетауда қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан 30 жастағы ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды, ол әйел зорлады деп айыпталып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.
Полиция ЕЦ 166/24 мекемесінде жазасын өтеп жатқан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
"Зорлау фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлімі (Зорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 1989 жылы туған күдікті қазіргі уақытта қамауда отыр", - деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары қосымша ақпарат беруден бас тартты.
"Басқа мәлімет ҚР қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Ал ресми емес ақпарат бойынша қылмыс зардап шеккен әйелдің үйінде болған. Келіншек жиһаз сатып жатқаны жөнінде хабарландыру береді. Тауарды көрмек болып келген сотталушы әйелді зорлап тастаған.