7 жыл мүгедек әйелін арқалаған азамат көмек сұрап жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
І топтағы мүгедек келіншегі бар ақтөбелік 45 жастағы азамат күн сайын келіншегін арқалап, бесінші қабатқа түсіп-шығады. Оның басты мақсаты аты жаман ауруға шалдыққан келіншегінің көңіліне қаяу түсірмеу.
Қарлығаш Тұрақбаева 2012 жылы миында ісік бар екенін білген. Диагнозы белгілі болғаннан кейін науқас дереу ота жасатады. Алайда, ісік қайтпай, араға үш жыл салып, тағы да ота жасатуға мәжбүр болады. Сол уақыттан бері дәрінің арқасында өмір сүріп келе жатқан келіншек өздігінен жүріп-тұра алмайтын болып қалған.
Бесінші қабатта тұратын отбасы төменнен үй берсе екен деп армандайды. Қарлығаш жары жұмысқа кеткен кезде төрт қабырғаға қамалып отыратынын айтып өкінді. Ал он алты жастағы қызының анасын бесінші қабаттан түсіруге әлі келмейді.
"Үй берсе, қызымның қызығын көрсем, әйтеуір. Үй берсе екен төменнен", - дейді І топтағы мүгедек Қарлығаш Тұяқбаева.
Осы уақытқа дейін ешкімнен көмек сұрамай, бесінші қабатқа келіншегін көтеріп жүрген Көпжүніс Өтепбергенов мемелекет тарапанына мүгедек арбасы берілгенімен, жағдай жасалмағанын айтып өкініш білдіріп отыр. 2000 жылы Бадамша ауылына Өзбекстаннан қоныс аударған отбасы бір бөлмелі пәтерге әрең қол жеткізген. Ал қазір ол мүлікті сатылымға қойғанымен, ешкім қызығушылық танытпаған.
"Мүгедектік арбасын берді. Бергенімен мінетін пандус та жоқ, өздерің көріп тұрғандай. Арқалап мініп, арқалап түсемін. Тегін үй сұрап тұрған жоқпын. Орнына үй берсе, мына үйімізді үкімет алып, арендаға үй берсе. Төлеуден қашып отырған жоқпыз. Өзіңнің жеке үйіңдей ғып төлейсің ғой отырғаннан кейін", - дейді күйеуі Көпжүрсін Өтепбергенов.
Тап қазір Өтепбергеновтердің қолына ұстата салатын пәтердің кілті жоқ екенін әкімдіктегілер кесіп айтты. Әлеуметтік көмектерден басқа көмегіміз жоқ деп отыр олар.
"Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында мемлекеттік тұрғын үй қорындағы үйді жеке тұрғын үйге айырбастау туралы көрсетілмеген. Пәтер тек қана кезекте тұрғандарға ғана беріледі. Көпжүрсін Өтепбергеновке отбасымен кездесіп, тұрғын үйді ала алмайтындығы туралы түсіндіріп айтылды", - дейді Қарғалы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асхат Айжарықов.