$ 444.32  473.33  4.76

Елдос Сметов Токиода өтіп жатқан әлем чемпионатында қола медаль алды

Ол үшінші орын үшін өткен кездесуде тағы бір қазақстандық балуан Ғұсман Қырғызбаевты жеңді.

Токиода (Жапония) өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында қазақстандық Елдос Сметов 60 келіде қола медаль иеленді, деп жазады Азаттық.

Ол үшінші орын үшін өткен кездесуде тағы бір қазақстандық балуан Ғұсман Қырғызбаевты жеңді.

Рио олимпиадасының қола жүлдегері, 2015 жылғы әлем чемпионы Сметов Токиодағы әлем чемпионатында алдымен кувейттік Сауд әл-Амириді, италиялық Элиос Манзиді, йемендік Али Хоусрофты жеңді. Ширек финалда жапониялық Рюджу Нагаямадан (былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері) жеңілді. Үшінші орынға таласуға мүмкіндік беретін жұбаныш белдесуінде Сметов тайпейлік Ян Юнг Вэйден басым түсті.

Ал Қырғызбаев алдымен никарагуалық Хулио Молинаны, бразилиялық Филипе Китадаиді, болгариялық Валентин Алипиевті, грузиялық Амиран Папинашвилиді (былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері), ширек финалда қырғызстандық Куанычбек Айбекуулын жеңді. Бірақ жартылай финалда өзбекстандық Шарафуддин Лутфуллаевтан ұтылды.

60 келіде Токиодағы әлем чемпионатының алтынын грузиялық Лухуми Чхвимиани алды. Ол финалда Лутфуллаевты жеңді.

Токиодағы әлем чемпионаты 1 қыркүйекте аяқталады. Әлемдік жарысқа Қазақстаннан 16 спортшы аттанған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Елдос Сметов