Алматы қаласының ию-қию тіршілігінен бір сəт демалғың келсе, саябаққа желмая мініп желдіртіп жетіп баратының белгілі. Əсіресе атағы жер «Панфилов» паркі «мен» деген саябақтардың көшін бастап тұр. «Ақын атамыз» Пушкиннің көшесіндегі паркке кіре берісте Мәскеуді кеуделерімен қорғаған батыр-панфиловшылардың кейпі бейнеленген «Подвиг» мүсіні, вентовка, оң жағында – «Трубящие славу» композициясы, одан ары қарай жүрсең орыстың алтынмен апталып, күміспен күптеліп салынған əп-əдемі Свято-Вознесенск Кафедралды шіркеуін көресің. Шіркеу маңында демалып, бой жазып жүргендер өңкей Ресейдің қаңсығын жалау еткен орыс тілді қазақтар. Тіптен балмұздақ сатушы əйелге дейін орысша шүлдірлеп тұр. Неткен əсем көрініс, ə? Құдды бір өзіңді аяқты ары тастап, бері тастап қойып Мәскеуде қыдырып жүргендей сезінесін. Расымен солай болғанда ғой…(бір күрсініп алып оқисыз)
Алайда ең өкініштісі қазақтың дархан елінде тұрып, асын ішіп, нанын тауып жүрген ұлы Ресей империясының халқына «қазақша сөйле» деп өзбектер секілді нық талап қоюымызға болар еді. Əттеген-ай, «əлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңді өзгерт» деген пәлсапаны берік ұстанған орыстар «өздерің қазақша сөйлеп алыңдаршы» деп үңірейіп, ойылып тұрған, жаралы жүрекке дөп тиеді. Айтса айтқандай-ақ, қазақтардың басым көпшілігінің қолданыс тілі – орыс тілі. Концерттер, кешқұрым баратын кинолар, фестиваль, жиналыс, күнделікті пікір алысу, тағы не бар құдай-ау, бәрі-бәрі орыс тілде өткізіледі. Орыстарға «тілдеріңді білмеймін»,- деп қос иығыңды бір-ақ көтерсең, сауатсызға санап, келемеждеп, үстіңнен күледі. Ал қазақ байқұс, осы тірлігі үшін қарадай қысылып, құлаққа дейін қызарып, алты қат аспаннан, жеті қат жерден кірерге тесік таппай тұрады. Қазақ үшін бұдан артық қорлық, бұдан артық сұмдық бар ма? Жә, жауыр болған тақырыпты қозғағаннан гөрі, бұдан да қызық мәселенің шетін шығарайын.
Осылан біраз бұрын Елбасы латын әліпбиіне көшу туралы жарлық шығарған еді. Бұл жарлық жанға демеу болмаса да, кеудемізге жылт еткен үміттің дәнін септі. Үміт пен үрейді тең ұстап ертеңгі күнге сендік. Орыстың самсап тұрған жазуларынан арыламыз, бірте-бірте қолданыстағы тілінен де кетерміз деген ой болды. Әттеген-ай, «қайда барсам, Қорқыттың көрі» деген осы шығар. Сөйтсе-е-к қазақшамыз секілді, орыс тілі де латынға дәлме-дәл аударылу үстінде екен.
Сайып келгенде, өрісі кеңейген орыс тілінен арылуды тек түсімізде көретін сияқтымыз. Олардың сойылын соғып, сөзің сөйлеу Мемлекет ретінде жоғалып кетуіміздің алғышарты. Сондықтан, әр қазақ баласы қазақ тілінің тағдыры өз қолында екенін саналы түрде түсіну керек.
Өзге тілде сөйлеген әр адамға, «еще», «конечно», «зачем» т.с.с қажетсіз сөздерді қолданыстан алып тастап тұрып, төл тілімізде ғана тілдессек санамызда ертеңге деген сенім үстемдік құрар еді. Қысқасы, өзімізден бастайық, ағайын!
Дереккөз: Адырна ұлттық порталы