Елорда әкімі таңертенгі аралау кезінде екі мектепке барып, олардың жұмыс барысымен танысты, деп хабарлады Skifnews.kz ақпараттық порталы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мәселен, №28 мектептің қосымшасының құрылысы жүргізілуде. Жаңа корпус 300 орынға есептелген. Сондай-ақ, қосымша ғимаратта спорт зал, асхана болады. Корпус қазан айында ашылады. Мектеп қосымшасы аумағында ойын алаңы орнатылады.
Таңғы аралау аясында барған екінші орын №67 мектеп болды. А. Көлгінов мектепке қауіпсіз кіреберіс жолын салу қажеттілігі туралы айтты.
"Мектептерді салып жатырмыз,бірақ кіреберіс жолдары туралы ойламаймыз. Осындай мәселе №75 мектебінде бар. Тұрғызған жаңа құрылыстар жанында дұрыс жол жоқ. Ата-аналар мен оқушыларға аулалар арқылы баруға тура келеді. Оқу орындарына қауіпсіз жолдар салу, көлікке арналған тұрақ орындарын ойластыру қажет", - деді қала әкімі.
Бұдан басқа, ата-аналар мен оқушылардың ыңғайлылығы үшін бірнеше жерде калиткалар ашылады. Алдағы 5 жылда елордада 40-қа жуық білім беру нысаны салынады.