Нұр-Сұлтандағы Astana Hub халықаралық технопаркінде ақпараттық-коммуникациялық технология саласы бойынша Қазақстан-Корея ынтымақтастығына арналған семинар өтті.
21-22 тамыз күндері елордада отандық және кореялық IT-саласы өкілдері бас қосты. Жиынға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов, Корея Республикасы Ақпараттық қоғам агенттігінің вице-президенті Канг Так Ох, сондай-ақ мемлекеттік орган өкілдері мен IT-мамандар қатысты.
Басқосу барысында IT cаласы бойынша семинар ұйымдастырылып, Қазақстан-Корея IT-орталығының ашылу жұмыстары сөз болды. Инновациялық орталықта АКТ мамандары өзара тәжірибе алмасып, бірлескен жобалар мен экожүйе-стартаптарын дамыту жұмыстары жоспарланған. Аталған жоба екі ел арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технология саласындағы ынтымақтастықты арттырып, тың идеялардың жүзеге асуына жол ашпақ.
Екі күнге созылған кездесуде Кореядан келген сарапшылар мемлекеттік органдарда ақпараттық технологияны енгізу бойынша әлемнің үздік тәжірибелерін, экономика салаларындағы цифрлық трансформация мәселелерін сөз етті. Сонымен қатар, Кореяның ақпараттық саясаты жөнінде ой бөлісіп, Smart City, 5G, жасанды интеллект, үлкен деректер (Big data) тақырыптарын талқылады.
Айта кетсек, бұған дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Қазақстан-Корея IT-орталығы ашылатынын хабарлаған болатын. Министрдің айтуынша, жаңа орталықта инновациялық экожүйе мен стартаптарды дамыту мәселелері қаралады.
IT-орталықты ашу туралы идея ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Иннің кездесуі нәтижесінде қолға алынды.
Аталған жұмыстар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асады.