Құжатқа немқұрайлы қараған аналардың кесірінен балалары көмектен қағылып жатыр. Туу туралы куәлігі жоқ балақайлар медициналық қызметтен ғана емес, балабақша, мектеп сияқты қоғамдық ортадан да шет қалуда, деп хабарлайды Altaynews.kz.
«Ана үйі» қоғамдық қоры осындай келеңсіздікпен жиі бетпе-бет келеді. Бұл туралы аталған қордың үйлестірушісі Найля Оңғарбаева Президент Әкімшілігі жанынан құрылған балалардың құқығын қорғау жөніндегі сараптамалық жұмыс тобының отырысында айтты.
Естеріңізге сала кетейік, облысқа Президент Әкімшілігінің жанынан құрылған жұмыс тобы келіп, үш қала мен алты ауданды аралаған болатын.
Жұмыс тобының отырысында баяндама жасаған Найля Оңғарбаева тағдыр тәлкегіне ұшыраған аналардың мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, жалғызбасты аналардың проблемасы өте көп. Соның бірі – баланың туу туралы куәлігінің уақытында рәсімделмеуі. Көп жағдайда балалардың құжатын рәсімдеуге келгенде аналардың өзінің құжаттары толық болмай, кедергі келтіреді екен.
«3-4 жасқа дейін құжаты рәсімделмеген балалар бар. Олар дер кезінде екпе алмағаны былай тұрсын, балабақшаға да бара алмай жатыр. Мұндай аналардың құжатсыз перзентханаға қалай келіп, одан қалай шыққаны белгісіз. Анаға да, балаға да көмек көрсету үшін құжатты қалпына келтіруге тура келеді. Бұл – өте ұзақ әрі күрделі шаруа», – дейді ол.
«Nur Otan» партиясы жанындағы балаларды қорғау жөніндегі Кеңестің мүшесі Рысты Жұмабекова бұл мәселені ерекше назарға алып, оны шешуге бірнеше ведомствоны тарту қажеттігін атап өтті.
Балабақшаларда бөбекжайдың жоқтығы да аналарға қолбайлау. Бала күтімі бойынша жәрдемақы бір жасқа дейін ғана төленетіндіктен, ақшадан тарыққан аналар ертерек жұмысқа шыққысы келеді. Алайда балабақшалардың көбі баланы үш жастан бастап қабылдайды.
«Тұрмыс тауқыметін тартып жүрген аналар мұндайда баласын «Үміт» балалар үйіне тапсыруға мәжбүр, өйткені күтуші жалдауға қалтасы көтермейді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, психологиялық тұрғыдан уақытша болса да анасыз қалу балаға өте ауыр тиеді», – деп атап өтті Н.Оңғарбаева.
Сондай-ақ қор үйлестірушісі қиын жағдайға тап болған аналарды кәсіпке баулу да басты назарда екендігін жеткізді.
«Бұрын біз аналарға материалдық көмек көрсетуге тырыссақ, енді оның бәрі уақытша екендігін түсіндік. Олардың еңбекке араласып, кәсіпті меңгеруіне ден қойдық. Бізден көмек сұрап келген аналардың көбі қазір өзімізде ашылған тігін цехында істейді. Бұл бастаманы аналар да жақсы қабылдады. Бүгінде кәсіп меңгеруге ниеттілер саны артып келеді. Тіпті үйде отырып баласын бағып, тігін тігіп отырған аналарымыз бар», – дейді ол.
«Феникс» даму және бейімдеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Назгүл Ахметқалиева тұрмыстық зорлық-зомбылық және балаларға қарсы қылмыс мәселелері отбасы құндылықтарын насихаттау арқылы қалай шешіліп жатқандығы жөнінде айтып берді.
«Орталық мамандарының көмегімен Өскеменде соңғы екі жылда ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдер саны 365-тен 162-ге дейін азайды. Біздің мамандар бұзақылықтың салдарымен күресуден бұрын, себебін анықтауға мән береді. Оның түптөркіні көбінесе отбасында жатады. «Бақытты отбасы» бағдарламасының да осы мәселеге назар аударып отырғандығы қуантады», – деп атап өтті ол.
Аталмыш орталықта отбасын қолдау бөлімі жұмыс істейді екен. Ондағы психологтар тұрмыстық мәселелерге қатысты кеңес беруге әрқашан дайын.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің аймақтық төрайымы Елена Березинская-Абилова да кәсіпкер әйелдердің құқығын қорғау, оның ішінде көпбалалы аналардың бизнес бастауына қолдау көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Отырыс соңында «Nur Otan» партиясы жанындағы балаларды қорғау жөніндегі Кеңестің мүшесі Рысты Жұмабекова облыста «Бақытты отбасы» бағдарламасы тиісті деңгейде іске асырылып жатқанын, ана мен бала құқығын қорғау бағытында оң нәтижелер бар екенін, бұл тұрғыда айтылған ұсыныстардың барлығы да ескерілетінін жеткізді.
«Дегенмен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға бұдан да көбірек назар аударуды ұсынамыз. Мемлекеттік қолдау әр отбасына қалай жетіп жатқанын қадағалау қажет. Ол үшін жергілікті атқарушы органдардың жұмысы да жіті бақылауға алынуы тиіс», – деді ол.