Қостанай облысындағы көлдердің бірінен балықтың беймәлім түрі табылды, деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz».
Қарабалық ауданы, Дальний ауылының тұрғыны Павел Ткачев жергілікті Үлкен Сүлікті көлінен қол-аяғы бар балық ұстап алған. Тұрпаты бөлек балықта жүзу қанаттарының орнында аяқтары өсіп шыққан.
Павелдің өз сөзіне сенсек, бала күнінен қармақ салып келе жатқан бұл көлден мөңкеден басқа балық көрмепті. Ал, түр-тұлғасы беймәлім әлгі балық қармағына түскенде ерекше таңғалған. Таңғалып қана қоймай, дереу ұялы телефонына суретке түсіріп алған екен. Суреттен балықтың аяқтары анық көрініп тұр. Жалпы ұзындығы 7 см.-ді құрайды. Ткачевтің түрі басқаша балығы оның өзін ғана емес, жергілікті балықшылардың бәрін де таң қалдырып отыр. Себебі, өзгелері де мұндай балық түрін бұрын-соңды көрмеген екен.
Ерекше көл мекендеушісін Қостанай облыстық өлкетану мұражайының табиғат бөлімінің қызметкері Андрей Андрющенко зерттеп көрген екен. Оның айтуынша, Ткачевтің ұстағаны балық емес, құрғақта да, суда да тіршілік ете алатын тарбақа (чесносница) санатына кіретін қосмекенді итбалық. Ол бақа мен құрбақаға ұқсас келеді, ұзындығы 5-7 см. шамасында болады. Қауіп төнген жағдайда жер астына тығыла қалады. Бұл тіршілік иесі бұл маңайда қашаннан бері тіршілік етіп келеді. Тек өсімдіктермен ғана қоректеніп, ұзақ өмір сүреді. Тіпті, бұлардың қысқы ұйқыға кететін кездері де болады екен. Ал, жылы су қоймаларында бұлардың ұзындығы 20 см.-ге дейін баратын көрінеді.
― Бұл итбалық осы жылдың төлі. Трансформация кезінде олар қоректенуді тоқтатады, қанаттары кетіліп, аяқтары шыға бастайды. Бұл итбалықты сондай өзгеру кезеңінде ұстап алған да қателесіп балық деп ойлаған, ― дейді Андрющенко.