Түркістан облысы полицейлері 100-ден аса қой мен қозы ұрлаған күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі өңірлік ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келес АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында, биыл сәуірдің басынан маусымның 10 дейінгі аралықта белгісіз адам тұрғын-үйінің жанында орналасқан мал қорасынан әрқайсысының құны 40 000 теңге болатын 78 бас қой мен әрқайсысының құны 25 000 теңге болатын 47 бас қозыны жасырын жымқырып кеткенін айтқан. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі - 4 295 000 теңге екен. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді.
"Болған ұрлық жайтын анықтау мақсатында Келес АПБ-нің қызметкерлерімен жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Қажетті деп табылған барлық іс-шаралар жүзеге асырылды, жақын аймақтарды аралап көріп шықты, куәгерлерден сұрастырды. Нәтижесінде, Сарыағаш ауданының тұрғыны күдікті ретінде анықталып, ұсталды. Күдіктінің үйінен айғақ зат ретінде 30 бас қой тәркіленді", - делінген хабарламада.
Оның қалғандарын сатып, өз қажеттілігіне пайдаланғаны анықталды. Күдіктінің әкесі жәбірленушінің көршісі болып шыққан. Осылайша, әкесінің үйіне барып жүріп, көршінің малдарына көзі түсіп, 3 ай аралығында малдарды үшке бөліп ұрлағаны айқындалған. Күдікті өзінің іс-әрекетін толық мойындаған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр.
"Түркістан облысы полицейлері тұрғындарға малдарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Сондай-ақ, қора-жайларыңызды мықты құлыптармен, қоршаулармен бекітіңіздер, мүмкіндігінше аулаңызға дабылқаққыш пен бейнебақылау орнатуға кеңес береді. Ал, малыңыз ұрланып жатса, тез арада полицияның "102" телефонына хабарласыңыз. Уақытында берілген ақпарат қылмыстың ізін суытпай ашуға ықпал ететіні ұмытпаңыздар", - делінген баспасөз хабарламасында.