Осыдан бірнеше күні бұрын Алматы облысында із-түссіз жоғалып кеткен бойжеткен Айзада Авлатарованың қандай көлікке отырғанын полицейлер анықтады деп хабарлайды Tengrinews.kz Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары ерікті азаматтармен бірге Жаңа-арна, Мичурин, Әли сынды бірнеше елдімекен мен саяжай аумақтарында іздеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, Айзада тұратын Жетіген ауылынан Қапшағай қаласының аралығындағы бейнебақылау камералары да зерттелді. Бойжеткеннің ұялы байланысы тексеріліп, аудандық, қалалық полиция бөлімшелері оны іздеумен айналысуда.
"Медициналық және білім беру мекемелері тексеріліп жатыр, интернет-кафелерге, әуежайға, темір жол және автовокзалдарда іздеу шаралары жүргізілуде. Қазіргі таңда жоғалған қыз отырды деген көлік анықталды" делінген полицияның таратқан хабарламасында.
Естеріңізге салайық, 20 жастағы студент қыз 3 желтоқсан күні таңертең үйінен оқуына шығып, сол күйі коллледжге бармаған. Жолда ол достарының біріне телефон арқылы хабарласып, такси жүргізушісі өзін өзге бағытта алып кетіп бара жатқанын хабарлапты. Мұнан кейін құрбысына хабарласып, колледжге 5 минутта баратынын айтқан.