Мәскеудің Тверь соты оппозициялық саясаткер Илья Яшинды 10 күнге қамау туралы шешім шығарды. Бұл туралы Азаттықтың Орыс қызметі хабарлады.
Мәскеу қалалық думасы сайлауына комиссия тәуелсіз кандидаттарды өткізбеген соң өткен наразылық акцияларына байланысты бір айдан астам уақыт қамауда отырған Яшинды кеше, 28 тамызда уақытша ұстау изоляторынан босап шыға бергенде мәрте ұстаған. Құқық қорғау органдарының сөзінше, саясаткер жеке парақшасында 29 шілдеде жұртты 3 тамыз күні рұқсат етілмеген акцияға шығуға үндеген.
Яшинның адвокаты Вадим Прохоровтың сөзінше, іс материалдарында саясаткер парақшаларына сараптама жасалғаны туралы жазылмаған. "Яшин ол уақытта ендігі қамауда отырғандықтан әлденені жариялай алмас та еді" дейді Прохоров.
Соңғы бір ай ішінде Яшин осымен бесінші мәрте әкімшілік қамауға алынып отыр. Оған Мәскеудегі рұқсат етілмеген жалпыхалықтық акцияға орай түрлі айыптар тағылған. Ол 29 шілдеден бері қамаудан босамай келеді. Сайлауға тіркелмеген кандидат Илья Яшинннің өзі де кандидаттардың сайлауға жіберілмегеніне наразылық шараларына қатысып, азаматтарды өзіне қосылуға шақырған еді.
Бұдан алдын Яшиннен өзге де Мәскеу қалалық думасы сайлауына тіркелмеген кандидаттар - Константин Янкаускас мен Юлия Галямина тура осындай жағдайда қайтара қамалған болатын.
Мәскеуде 27 шілдеде қалалық дума депутаттығынан үміткер тәуелсіз кандидаттарды қолдап мыңдаған адам қатысқан акция өткен. Содан беріде кандидаттарды қолдау шаралары жалғасып келеді. 27 шілде күнгі наразылық шеруінен кейін тергеу комитеті жаппай тәртіпсіздік туралы қылмыстық іс қозғаған. Ол іс бойынша 13 адам тұтқындалған, бір адам күдікті саналады. Осы күнгі шеруде полиция мен қауіпсіздік күштері жиналған адамдарды аяусыз ұстап, қамаған. Ұсталғандар санының 1300-ден асатыны айтылады. Құқық қорғаушылар Мәскеуде "жаппай тәртіпсіздік" болған жоқ дейді.
Кеше де Мәскеу мен Санкт-Петербургте әділ сайлауды талап етіп, 27 шілдеде билік "жаппай тәртіпсіздік" деп бағалаған іске айыпталғандарды қолдаған жалғыз адамдық наразылық шаралары пен жиындар өткен. Осы шаралар кезінде де бірнеше адамның ұсталғаны хабарланды.
Мәскеу қалалық думасының сайлауы қыркүйекте өтеді.
Дереккөз: Азаттық