31.08.2019, 03:48

Елордадағы «Халық құрылтайында» белсенділер биліктен саяси реформа талап етті

Таңертеңгі 11-де басталған жиналыста ұйымдастырушылар әрбір адамға сөз сөйлеу үшін 7 минуттан берілетінін ескертті.

30 тамыз күні Нұр-Сұлтанда белсенділер "Халық құрылтайы" деп аталатын жиын өткізіп, Қазақстандағы саяси-әлеуметтік мәселелерді көтерді. Жиынға Нұр-Сұлтан мен Қазақстанның бірнеше қаласынан келген жүздеген адам қатысты, деп жазады Азаттық.

“Халық құрылтайында” Қазақстанның экономикалық ахуалы, саяси реформалар және саяси тұтқындарды босату, көп балалы аналарды қолдау тақырыптары көтерілді.

Таңертеңгі 11-де басталған жиналыста ұйымдастырушылар әрбір адамға сөз сөйлеу үшін 7 минуттан берілетінін ескертті. Бірақ бұл регламент толықтай сақталмады. Микрофон алғандар бір-бірін тыңдамай ойларын айта бастады.

Жиынға көп балалы әйелдердің жағдайы бойынша сөз сөйлеуге шақырылған "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту" қорының төрағасы Зәуреш Батталова шумен мәселе шешілмейтінін айтты.

- Қазақстан азаматтарының билікке көңілі толмайды. Бірінші президенттің, екінші президенттің, барлық мемлекеттік органдардың атына сын айтылды. Билік халықтың талабын тыңдауы тиіс. Ұлттық сенім кеңесі сияқты алдамшы алаңдар құрмауы тиіс. Халықтың мәселесін салық төлеушілердің ақшасына отырған мемлекеттік заңды алаңда, яғни, парламентте талқылауды бастауы керек, - деді Зәуреш Батталова.

Жиын соңында резолюция қабылданып, оны Ақордаға тапсырмақ. Ұйымдастырушылардың сөзінше, Ақордаға тапсырылатын құжатқа басқосуда көтерілген мәселелерден өзге де тақырыптар енген.

- Резолюцияда саяси реформа жасау үшін саяси тұтқындарды босатуды, президенттік-парламенттік басқару немесе парламенттік басқаруға ауысу ұсынылды. Оны алдағы уақытта талқылаймыз, - деді жиынды ұйымдастырушылардың бірі, белсенді Сырым Әбдірахманов.

Биыл наурызда Қазақстанды отыз жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев кенеттен президенттіктен кететінін мәлімдеп, орнына сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Назарбаев президенттіктен кетсе де, биліктегі "Нұр Отан" партиясының лидері және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қалған.

Тоқаев Назарбаевтың президенттік өкілетін жалғастырар сәтте Астана қаласының атауын "Нұр-Сұлтан" деп өзгерткен. Кейін Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын жариялаған. Осы оқиғалардан кейін елде билікке қарсы наразылық күшейді. 22 наурызда, 1 мамырда және 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбеде халық билік пен сайлауға қарсы митингіге шықты. Полиция наразылық кезінде мыңдаған адам ұстаған.

Халықаралық ұйымдар сайлаудағы заң бұзушылықтар мен полицияның адамдарды жаппай ұстауын сынаған. Тәуелсіз бақылаушылар да сайлау нәтижесін сотқа берген. Бірақ сот барлық шағымды қанағаттандырмады. Халық наразылығы мен сынға қарамастан Орталық сайлау комиссиясы мен бас прокуратура сайлауды әділ өтті деп таныған.

Қазір де елде биліктен саяси реформа, құқық қорғаушылар “саяси тұтқын” деп таныған сотталушыларды талап еткен наразылық шаралары, бір адамдық пикеттер өтіп жатыр. Бүгін, 30 тамызда Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте Конституцияны реформалауды талап еткен марш, акциялар өтті.

Тегтер: Нұрсұлтан