$ 443.85  474.3  4.8

Ұлттық банк біздің ақшамызды тиімсіз жұмсап, дұрыс басқара алмай отырғанына бек сенімдімін - заңгер

Мысалы, Ұлттық банктің әр кездегі барлық басшысы қазақстандықтарға ақшасын үнемі үш валютада сақтауға кеңес беріп келеді. Бірақ неге екені белгісіз, олар біздің жинақтаушы зейнетақы қорларымыздағы ақшаны солай сақтайық деп еш ойланбайды.

Заңгер Жангелді Сүлейменов БЖЗҚ-ны жауып, әрбір қазақстандық өзінің зейнетақы жинағын еліміздегі ең мықты деген 10 банктегі депозиттерінде сақтауды міндеттейтін заң қабылдауды ұсынды. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жазба авторы сөз басында қазіргі зейнетақы жинағымыздың қолдан қолға қалай өтетінін сипаттап, қарапайым мысал келтіреді. Мысалы, біздің жалақымыздан зейнетақы алымы алынып, ол БЖЗҚ-ға жарна ретінде аударылады, сол біздің ақшаны Ұлттық банк апарып екінші деңгейдегі банктерге, мемлекеттік компанияларға, шетелдік банктерге, шет елдерге қарызға береді. Оның үстіне біздің ақшамыздың тағдырын Ұлттық банк өзі шешеді, бізбен ақылдаспайды.

- Ұлттық банк біздің ақшамызды тиімсіз жұмсап, дұрыс басқара алмай отырғанына бек сенімдімін. Оның үстіне сол үшін БЖЗҚ мен Ұлттық Банк біздің ақшамыздың есебінен сыйақы алады. Ал одан да ең қауіптісі: біздің ақшаны қарызға алғандардың банкрот боп қалу ықтималдылығы жоғары. Өйтсе зейнетақы ақшамызды да көрмейміз. Сондықтан мен БЖЗҚ-ны жабуды ұсынамын. Бізге өз ақшамыз бен банктер арасында делдалдың не қажеті бар? Әрбір қазақстандық өзінің зейнетақы жинағын еліміздегі ең мықты деген 10 банктегі депозиттерінде сақтауды міндеттейтін заң қабылдайық. Жартысын теңгедей, ал тағы бір жартысын шетел валютасы түрінде. Әрі әрбір қазақстандыққа сол жинағының бір бөлігін несие түрінде алуға мүмкіндік берілсе, онда да несие пайызы ақша алынған шотқа аударылып отырса, жақсы емес пе, - деп жазады адвокат.

Ол мына бір қызық жайтқа назар аудартады. Мысалы, Ұлттық банктің әр кездегі барлық басшысы қазақстандықтарға ақшасын үнемі үш валютада сақтауға кеңес беріп келеді. Бірақ неге екені белгісіз, олар біздің жинақтаушы зейнетақы қорларымыздағы ақшаны солай сақтайық деп еш ойланбайды.

- Сөйтсе барлық ақша бақылауда болады ғой. Тағы бір жағынан сенімді. Оны пайдалануға да болады. Егер банк банкротқа ұшыраса, онда заң бойынша барлық депозиттер кепілмен қайтарылады сақтандыру бойынша. Сондықтан ондайда ешкім ештеңе жоғалтпайды.

Бұл - менің егжей-тегжейлі әлі пісіруді қажет ететін шикі тұжырымдамам, қарабайыр идеям. Әрине, бұл арада банк алатын шығындар мен басқа да нюанстарды есептеп-екшеу керек. Бірақ бұл қарапайым бір ой. Түптеп келгенде, әркім өз ақшасын өзі басқаруы керек қой, - деп қорытындылайды өз ойын Жангелді Сүлейменов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары