05.09.2019, 16:10

Елімізде суға шомылу маусымында 266 адам суға кеткен

Шомылуға тыйым салынған 3 мыңнан астам орын анықталды. Аталған жерлерге 3 386 ескерту белгісі мен 1 120 көрнекі стенд орнатылып, онда адамдардың қаза болу себептері мен оқиғаға ықпал еткен жағдайлар көрсетілген.

Суға шомылу маусымы басталғалы бері еліміздің су айдындарында 266 адам суға кетті, оның ішінде 87 бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің дерегінше, 242 адам, оның ішінде 80 бала шомылуға жабдықталмаған жерлерде суға түсіп батып кеткен. Ересектердің қарауынсыз қалған 24 баланың да ажалы судан болды. Сондай-ақ мас күйінде суға шомылған 23 адам мерт болды. Суға шомылу маусымы басталғаннан бері жедел-құтқару жасағының құтқарушылары 269 адамды, оның ішінде 85 баланы құтқарды. 

Елімізде ресми суға түсу және су жанында демалуға арналған 607 орын (107 коммуналдық және 500 жеке жағажай) белгіленген. 27 коммуналдық жағажайдың акваториялары ІІМ ТЖК бөлімшелерінің бақылауында болды. Сондай-ақ 53 мобильдік құтқару бекеттерін қою арқылы су айдындарының 113 қауіпті учаскесі (табиғи жағажайлар) бақылауға алынған. Жеке жағажайларда кезекшілік ету үшін ТЖК бөлімшелерінде арнайы даярлықтан өткен қоғамдық құтқарушы-жасақшылардың күшімен 310 нысандық құтқару бекеті құрылған. 

Шомылуға тыйым салынған 3 мыңнан астам орын анықталды. Аталған жерлерге 3 386 ескерту белгісі мен 1 120 көрнекі стенд орнатылып, онда адамдардың қаза болу себептері мен оқиғаға ықпал еткен жағдайлар көрсетілген. 

1 мамыр мен 1 қыркүйек аралығында 14 мыңнан астам рейд жүргізілді. 2 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12 млн теңгеден астам айыппұл салынған.