Нұр-сұлтан қаласында 5 мыңнан астам адам әскерге барудан жалтарып жүр.
Қазір елордада жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге шақырту науқаны басталып кеткен. Бүгінгі күні қорғаныс басқармасы шекарашылар мен мемлекеттік күзет қызметінің қатарына сарбаздар іріктеп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласында осы күзде 6 мыңдай азамат әскерге шақыртылып, олар медициналық тексеруден өтеді. Бірақ оның тек 800-і ғана Отан алдында борышын өтеуге аттанады. Қорғаныс істері жөніндегі департамент аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін жігіттерді ғана іріктеп алмақ.
Әскерге шақыртылғандардың денсаулығы мықты. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш жақсарып келе жатыр, дейді дәрігерлер. Дегенмен медициналық тексеруге келген жас жігіттердің тең жартысының көзі нашар көреді екен.
Гүлнар Бүтінбаева, әскерге шақыру медициналық комиссиясының төрағасы:
– Қазір балалар компьютерде көп отырады. Түнімен кино көреді. Күні бойы смартфонда отырады. Сондықтан көздің зақымы содан деп ойлаймын. Жалғыз көз ауруы емес. Балалардың арасында салмағы аздар көп.
Туған елін абыроймен қорғаудан жалтарып жүргендер де аз емес. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында 5 мыңнан астам азамат әскери қызметтен қашып жүр.
Ақжолтай Уәлиахметов, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жасақтау басқармасының бөлім бастығы:
– 387-бапта көрсетілгендей, жалтарғанға іс қозғалады. Жалтарып жүре берсе, ішкі істер органдарына материалдар жолдап, іс қозғайды. Әскери борышынан жалтарудан 387-бап бойынша, бас бостандығынан айырылады немесе айыппұл салынады.
Айтып кету керек, қыркүйекте шекара және мемлекеттік күзет қызметтеріне жас жігіттер шақыртылып жатыр. Қазан айында танкистер мен мотоатқыштар іріктелсе, желтоқсанда Ұлттық гвардия сарбаздары таңдалады.