$ 494.87  520.65  4.91

Үш-үштен 1 партаға сығылысқан оқушылардың ынтасы кетті

Айлин - бірінші сынып оқушысы. Мектеп табалдырығын аттағанына небәрі бес күн болған.

Орын да, орындық та тапшы. Алматы облысындағы Жаңалық ауылында оқушылар мектепке симай жатыр. Білім ордасы 480 орынға шақталған болса, қазір онда 1400 шәкірт оқып жүр. Сондықтан мектепті 3 ауысымға көшіруге тура келген. Соның өзінде бастауыш сынып оқушылары бір партада үш-үштен сығылысып отыр. Ата-аналар мұндай жағдай білім сапасына «кері әсер ете ме?» деп алаңдайды.

Айлин - бірінші сынып оқушысы. Мектеп табалдырығын аттағанына небәрі бес күн болған. Осы уақыт ішінде жеткіншектің білімге деген құлшынысы басылып үлгеріпті. Бұған баланың партада қысылып-қымтырылып отыруы себеп. 

Айлин Дабылова, 1-сынып оқушысы: 

- Кеше бір орындықта екі баладан отырдық. Беліміз ауырып кетті. Сосын ана қыз отырды. Мен тұрған бойда сабақ жаздым. 

Жаңалық ауылында бір ғана мектеп бар. Ата-аналар: «Бұғанасы қатпаған бастауыш сынып оқушыларына өте қиын» - дейді. Өйткені оларға мектептің ескі ғимараты мен тозған жабдықтары бұйырған. Бұл аздай, бір партаны үш оқушы бөліседі. Жұрт ұл-қыздарының жыл бойы сығылысып отыруына қарсы. Күләш Дәулетова, Жаңалық ауылының тұрғыны: 

- Барлық жерде 5 күндік, бізде – 6 күндік. Кешкі алтыға дейін 4 ауысым ба, 3 пе, оқытып жатыр. Балаларымызға жағдай жасап берсін. 

Қазір ауыл шетінен жаңа үйлер көптеп салынуда. Оған жақын жерде білім ордасы болмаған соң, балалар мектепке екі шақырым жаяу жүріп барады. Содан қыста аяғы сынып мертіккендер көп болған. 

Бақыт Регенбаева, Жаңалық ауылының тұрғыны: 

- Өз басымнан өтті. Биыл сегізінші сыныпта оқитын қызым екі шақырым жерден қайтқанда аяғы сынып, әлі соның зардабын шегіп келе жатыр. 

Олар жаңа үйлерге жақын жерден мектеп салынғанын қалайды. Ал қазір Жаңалықтағы 480 орындық білім ордасында 1400-дей бала оқып жатыр. Оқушы көбейіп кеткен соң мектеп үш ауысымға көшірілген. Мұғалімдердің қолынан бар келгені осы. 

Нұргүл Исанова, №37 мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі: 

- Менің кабинетіме симайсыз деп, мен ол баланы мектептен шығарып жібере алмаймын ғой. Далаға шығарып жібере алмаймын. Осы ауылдың тұрғыны болса. Қазір директордың кабинетін, оқу ісі меңгерушілерінің, тәрбие ісі меңгерушілерінің кабинеттерін босатып, оны сынып кабинеті етіп жасап жатырмыз. 

Жергілікті атқамінерлер жұртқа жаңа мектеп туралы үш жылдан бері уәде беріп келеді. Ол үшін  бір жарым гектардан аса жер телімін бөліп те қойыпты. Тек құрылыстың құжаттары әлі дайын болар емес. 

Бегалы Түңлікбаев, Қайнар ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы: 

- Ол жобаның тез жасалуына негізі «Шебер» компаниясы жауапты. Уақытын созып жатыр. Сараптамадан шықса, құрылысына қаражат бөлінеді. Биыл жылдың басынан соны күтіп отырмыз. 

Әлі қазығы қағылмаған мектептің келесі оқу жылына дейін салынып бітуі екіталай. Ал шыдамы шегіне жеткен тұрғындар мәселені облыс әкімінің өзі қадағалауын талап етіп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#мектеп