08.09.2019, 06:29

Қазақстандық спортшы Еуропа кубогының жеңімпазы атанды

Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткеніндей, Бақытжан 73 келіге дейінгі салмақта жеңіс тұғырына көтерілді.

Братиславада дзюдодан өтіп жатқан Еуропа кубогы жарысында қазақстандық Бақытжан Абдурахманов      жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткеніндей, Бақытжан 73 келіге дейінгі салмақта жеңіс тұғырына көтерілді. Турнир барысында ол финалға дейін бес кездесу өткізіп, барлығында мерейі үстем болды. Ал соңғы бәсекеде словениялық Джуз Мекилосекті қосымша уақытта иппонмен тізе бүктірді. 

Словакия астанасында болып жатқан ересектер арасындағы айтулы додаға әлемнің 34 елінен 384 дзюдошы қатысуда. 

Olympic.kz сайтының хабарлауынша, Токиода өткен әлем чемпионатынан Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиынын Шымкентте өткізеді. 11-19 қыркүйек аралығында өтетін жиынға ерлер және әйелдер командалары қатысады. Содан кейін дзюдошылар 19-23 қыркүйекте Ташкентте болатын Гран-при турниріне аттанады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елдос Сметовтің әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз. Бұл – Қазақстан құрамасының осы дүниежүзілік додадағы жалғыз медалі.

Тегтер: спортшылар