«Сарыарқа» газ құбырынан көгілдір отын биылғы жылы Қарағанды, Теміртау, Жезқазғанға тартылады. Өңірде 756 шақырым құбыр төселді, қазір дәнекерлеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп жазады BAQ.KZ.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жұмыс барысымен танысты. Аймақ басшысын қарағандылықтардың үйлеріне газ қай уақытта жететіні қызықтырды.
Оның айтуынша, Жезқазғанда газ тарату желілерінің құрылысы басталды. Ал Қарағанды мен Теміртау ол құрылғыларды салуға асы аптада кіріседі. Жаңаарқа, Шет, Бұқар жырау, Осакаров аудандарында және Шахтинск қаласында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов хабарлағандай, Қарағанды мен Теміртауда газ желтоқсан айының соңында, Жезқазғанда ол мерзімнен бір ай бұрын берілетін болады.
Облыс орталығында бірінші кезеңде Бадин және Олимпийская көшелері, Теміртау қаласында Сарыарқа көшесі газдандырылады. Жезқазғанда жеке сектордан басқа көгілдір отын Талап ауылы мен Станционный кентінің тұрғындарына да беріледі.
"Барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтауға үлгеру керек, егер проблемалар болса, тездетіңіздер, шешіңіздер. Сондай-ақ халықпен жұмыс істеу қажет. адамдарға газды қалай қосуға болатынын түсіндіріңіз, бұл қаншалықты тиімді екенін түсіндіріңіз, оларға осы мәселе бойынша көмек көрсетіңіздер", - деп тапсырды Ерлан Қошанов.
Үй иелері газбен жылытуға қосылу рәсімін жеңілдетуді қалайды. Бюрократиялық қағазбастылықтарды болдырмау үшін барлық жағдай жасалады.
Әзірге жылыту жүйесіне қажетті газ тек жеке сектордың тұрғындарына ғана қолжетімді болады. Уақыт өте келе көпқабатты үйлерге де тартылмақ. Шешімді кондоминиумға қатысушылар мен қызмет көрсетушілердің өздері қабылдайды.
Алдын ала есептеу бойынша, Қарағанды облысында бір текше метр газ бағасы 47 теңгені құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы 2018 жылдың қараша айында басталды. Елді газдандыруды Елбасы – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын.