Елімізде өршіп тұрған бір проблема болса, ол – зорлық-зомбылық. Осындай қылмыс кесірінен жыл сайын Қазақстанда сан мыңдаған әйел зардап шегеді. Қаншама нәзікжандының өмірі тұманға айналып, оның соңы айықпас трагедияға да ұласып та жатады. Былтырдың өзінде жыныстық зорлық бабы бойынша 1 332 қылмыс тіркеліп, соның тек 454-і ғана сотқа жеткен. Бас прокуратураның мәліметінше, 2019 жыл басталғалы бері зорлау фактісі бойынша 647 оқиға тіркелген. Бұл ресми есепке алынғаны ғана. Ал көзге көрінбей болып жатқан мұндай оқиғалар тізбегі қаншама?! Осы орайда, «НеМолчиKZ» қозғалысын құрып, әйелдер құқығын қорғау бойынша жан аямай еңбек етіп жүрген Дина Смаиловамен аз-кем пікір алысқан едік. Қоғамдық қозғалыс жетекшісі құқық қорғау органдарының шарасыздығын, мұндай зорлық-зомбылықтың қоғамда әлі де болса тым жоғары екендігін, нендей кемшілік пен қателік бар екенін тізбелеп айтты.
Біздің елде қыз-келіншектер жыныстық зорлыққа жиі ұшырайды. Оған дәйек боларлық деректер де баршылық. Бірақ құқық қорғау органдары істі тіркеуге, тіркеген күннің өзінде сотқа жеткізуге құлықты емес. Полицияның сылбырлық танытуы бірінші кезекте неге байланысты?
Жалпы, Қазақстанда құқық қорғау жүйесі тым нашарлап кеткен. Әсіресе, кадр мәселесі бойынша. Біз іс барысы бойынша тергеушілермен жиі кездесеміз ғой, сонда байқайтынымыз – кәсіби білімі өте төмен. Істі жүргізуге, зерттеуге біліктілігі жете бермейді. Тергеушілердің жалақысы да аз. Соның себебінен жұмысқа деген ықыласы төмен. Зорлау ісіне келгенде олар жемқорлыққа жол береді. Өйткені заңда тараптардың татуласуы деген бап бар. Олар үшін жәбірленуші тараппен және күдіктімен келісіп, екіжақты татуластырып, істі жаба салған оңтайлы. Шын мәнінде, бұл ешқандай да татуласу емес. Ол медиация арқылы немесе сотта шешілуі тиіс. Көп жағдайда жәбірленушіге ақша төлейді де, аузын жабады. Не болмаса, тергеушілер тарапынан жәбірленушіге шектен тыс қысым көрсетіліп, ол тергеу процесінен өз еркімен бас тартады. Сөйтіп, іс жабылады. Шынын айтар болсақ, тергеушілер істі қалай ашу керегін білмейді. Әсіресе, өңірлерде. Егер биологиялық материал болмаса, әйел денесінде көгерген, ұрған жерлері болмаса, жәбірленуші қатты қорқып, қарсылық танытпаған болса, онда олар мұны екі жақтың келісімімен болған жыныстық қатынас дей салады. Сондықтан ішкі істер жүйесіне түбегейлі реформа керек.
Жалпы, Қазақстанда зорлық – орта деңгейдегі қылмыс болып саналады әрі бізде тараптардың келісімі де қарастырылған. Мұны алып тастау үшін мәселе көтердіңіздер ме? Мәселені Парламентке дейін жеткізуге мүмкіндік бар ма?
Қазір бұл мәселе Парламентке ғана емес, Президентке дейін жетті. 21 тамыз күні алғаш рет дөңгелек үстел ұйымдастырып, сол жерде тараптарды татуластыру туралы баптың күшін жою туралы, жыныстық зорлықты – ауыр қылмыс түріне ауыстыру туралы ұсыныс айттым. Енді осы мәселені Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, ұсынбақшы. Егер заң жобасы сәтті қабылданса, онда ары қарай Парламент талқылауына ұсынылады.
Сексуалды зорлық жасайтын адамдардың сыртқы және ішкі бет-бейнесі қандай болады? Оларға ортақ бір портрет жасау мүмкін бе?
Оны біржақты әрі нақты сипаттау мүмкін емес. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында бір жігіт бар. Ол үлкен әжелерге көмектеседі, сөмкесін көтеріседі. Өте сыпайы амандасады, күнде таңертең жағдайын сұрайды. Ал кешке үйіне келіп, әйелін сабайды, зорлайды, әбден қорлайды екен. Сонда бір адамның бойында бір-біріне керағар екі мінез, екі бейне жүрген секілді. Сондықтан бір адамға қарап «мынау – зорлық жасайтын адам» деп кесіп айту қиын. Өйткені ондай адамдардың бойы агрессияға толы. Олар өз-өзіне бақылау жасай алмайды. Әбден болары болып, түрмеге қамалғанда барып, сезінуі мүмкін.
Олардың психологиясын түзеу мүмкін бе?
Өкінішке қарай, ондай қылмыскерлердің психологиясын қалыпқа келтіру мүмкін емес. Тек түрмеге қамалады. Болды. Бір жағынан дәл қазіргі біздегі түрмедегі тәртіп, жүйе жағдайында оларды түзеуге талпыну – бекершілік. Еуропадағы түзеу мекемелерінде тұтқындарға түрлі фильм көрсетеді. Психологиялық, медициналық жүйелі көмек көрсетіледі. Олардың санасын қайта тәрбиелеп шығуға барын салады. Ал біздегі түрме жүйесі қылмыскердің қылмыскерлік бет-бейнесін ушықтырмаса, кемітпейді.
Қыз зорлайтындар негізінен қай әлеуметтік топ өкілдері?
«Статистикаға жүгінер болсақ, зорлықшылардың 70-80 пайызы – тұрақты жұмысы жоқ, орта білімі ғана бар, әлеуметтік аз қамтылған отбасының адамдары. Тәрбиесі әлсіз, мәдени, рухани мүмкіндігі төмен, жоқ адамдар осындай қылмысқа бейім. Олар зорлықты сексуалды тұрғыда қанағаттану үшін жасайды деп те айту қиын. Мәселе тым тереңде жатыр. Яғни, агрессияға келіп тіреледі. Біздің мектептерде мұғалім балаға айғайласа да, ұрса да, үстелін тоқпақтаса да, қалыпты жағдай саналады. Осының бәрі баланың санасына кері әсер етеді. Сондықтан қоғамдық қатынастарды, әлеуметтік нормаларды өзгерту керек. Адамдар бір-біріне сыпайы қарым-қатынас жасаса, ашу-ызасын тежей білсе, әсіресе, баланың көзінше ұрысып, төбелеспесе, ашуын баладан алмаса, қазіргі қылмыстар әлдеқайда аз болар еді.
Жыныстық зорлық көрсетумен ұсталған адамдардың қылмысын мойындағаннан кейін айтатын уәжі қандай?
Көбі қылмысын мойындамайды. Әсіресе, бірінші рет қылмыс жасағандар, тіпті өкінбейді. Қылмыс жасадым деп те ойламайды. Ал бірнеше рет сотты болғандар жәбірленушіден кешірім сұрайды немесе сотта істеген ісіне өкінетінін айтады. Сөйтіп, жаза мерзімін барынша аз алуға тырысады. Олар әбден бұл іске бейімделіп, қыр-сырын меңгеріп алған. Олар үшін түрмеге кіріп-шығып жүре беру түк те емес.
Қылмыстың көбі мас күйде жасалады. Не болмаса, олар бір кездері майда-шүйде қылмыс жасаған, бірақ жазасыз қалған. Мүмкін ұрлық жасаған, мүмкін көшеде адам тонаған деген сияқты. Жаза қолданылмаған соң олар қылмыс ауқымын да ұлғайта береді. Біз сөйлескен қылмыскерлердің көбі кішкентай қыздарды зорлап, сосын өлтіріп тастаған.
Зорланған қыздың мінезі, психологиясы қалай өзгереді? Көбі осындай ауыр жағдайдан соң баяғы қалыпқа келе ала ма?
Зорланғаннан кейін әйелдің бойында ер адамға деген сенім деңгейі тым төмен түсіп кетеді. Оны жеңу, ұмыту немесе көңілін алдандыру қиынға түседі. Сондықтан сондай жағдайға ұшыраған қыздың ата-анасы мен туыстары оның санасындағы жараның өмір бойы жазылмайтынын ұмытпауы керек. Яғни, айналасындағы адамдар оны кінәлай бермеу керек. «Сен сол күні туған күн кешіне бармағаныңда...», «сен сол күні құрбыңмен кездеспегенде...» деп айыптай беруге болмайды. Бұл қызға өте ауыр тиеді. Ондай қыздармен мүмкіндігінше психологтың жұмыс істегені дұрыс. Сондай ауыр жағдайдан кейін қыз мүлде күйеуге шыққысы келмей, бала туғысы келмей қалуы мүмкін. Стресс организмдегі көптеген жасушаларды өлтіреді. Бұл өз кезегінде иммунды, эндокринді жүйенің бұзылуына әкеліп соғады. Бізде зорлыққа ұшыраған қыздардың көбі 25 жасқа жетпей көз жұмады. Көбі жатыр рагына, сүт безі рагына ұшырайды.
Біз жүргізген сауалнама бойынша 200 әйелдің 25 пайызы жыныстық зорлықтан соң онкологиялық ауруға шалдыққан. Еуропада жыныстық зорлық азаптау, қинау ісіне теңестірілген. Ал бізде қыздардың диагнозына жарақаттан кейінгі синдром деп жазып бере салады. Мұның соңы депрессияға, қатты арықтауға, суицидке әкеліп соғып жатады. Тіпті, сондай ауыр жағдайдан соң бес жыл бойы үйінен шықпай қойған әйелдер де бар. Ал қылмыскер болса, 2-3 жыл отырады да, қайтадан босап шығады.
Әйелдерге осыншама залалын, зиянын тигізіп отырған қылмыскерлерге беріліп жатқан жаза мүлде лайық емес. Жаза, заң әлде де қатайтылуы тиіс. Осындай жағдайдан кейін жылдам сауығып, қатарға қосылып кеткен әйелдер де болады. Мұның бәрі әйелдің төзіміне, мінезіне, денсаулығына тікелей байланысты.
Біздің менталитет бойынша көп әйелдер істі жылы жауып қоя салуы мүмкін...
Одан бұрын бізде «қызға бұлай істеуге болмайды», «қыз сақ жүруі керек», «қыз деген арын сақтау керек» деген сияқты ұғымдарды әбден сіңіріп тастаған. Мұның бәрі әрдайым қорқыныш болып, қыздың бойында тұрып алады. Ол өмір бойы өзіндегі сол құндылықтарды қорғаймын деп арпалысқа түсіп жүреді. Ал ер балаларда керісінше. Олар бірден төбелесуге, алыса кетуге, намысын қорғауға дайын тұрады. Яғни, түйсік басқаша. Айтайын дегенім, қыздың санасына әбден кіл «болмайдыны» құйып тастау оның өзін төмен санауына әкеліп соғады. «Мен күйеуіммен тайталаспаймын, себебі төменмін», «бастығыммен ұрыспаймын, соныкі дұрыс», «мен әлсізбін, нәзікпін» деген сияқты ойлар қалыптасады. Сөйтіп жүріп әлгіндей қиын жағдайға ұшырап қалса, жанұшырып, өмір бойы санада келе жатқан қорқынышы араласып, жағдайға беріле салады. Іс біткеннен кейін де ізіне түсуге, мәселені соңына дейін жеткізуге құлықты болмайды.
Бір сөзіңізде зорлық жасағандардың суретін желіде, БАҚ-та тарату керек дедіңіз. Бұл істі ашуға және зорлық көлемін азайтуға қаншалықты ықпал етпек?
Жақында ғана Медеуде қыз зорлаған ер адамды алайықшы. Ол осыған дейін екі рет жыныстық зорлық жасаған екен. Осы жолғысынан соң оның суреті жарияланып, отбасылық деректері де жария етілді. Ол үйленген, бала-шағалы адам. Өзі туралы ақпарат тарап кеткеннен кейін оның маған бірінші айтқан сөзі: «Енді менің балаларым қалай өмір сүреді?» болды. Міне, осы фактор кез келген адам үшін өте маңызды. Яғни, біз зорлықшылардың суретін, олар туралы ақпаратты ашық жариялар болсақ, олар қылмысқа барудан тартынушы еді. Өзі істеген кез келген қылмыстың отбасына, туыстарына зиян келтіретінін білген соң қылмыстан аулақ жүруге тырысады. Ақыры қазіргі заңмен оларды соттап тәубесіне келтіру қиын екен, ендеше осылай істейік. Суретін іліп тастайық. Бұл қылмыс көлемінің азаюына аз да болса сеп болады.
Жыныстық зорлыққа көбіне қай жастағы әйелдер ұшырап жатады?
Дәл мына жас деп айту қиын. Оның арасында 3 жастағы бүлдіршін де бар, 82 жастағы әжей де бар. Дегенмен орташа жас – 30-35 жас шамасындағылар. Сосын кім қысқа, ашық-шашық киініп жүреді, солар ғана зорлыққа тап болады деген де өтірік түсінік. Қаншама істі ашуға қатыстым, соның ішінде жәбірленушінің бірде бірі қысқа көйлек кимегендер. Олардың арасында жеті баласы бар әйел де бар, кеше ғана тұрмысқа шыққан келіншек те бар.
Әлеуметтік желідегі #НеМолчи хэштегі қоғамдық қор деңгейіне дейін көтерілді. Қазір бұл қозғалыс туралы біздің ел ғана емес, шет мемлекеттер де білетін шығар. Олар қалай үн қосып жатыр?
2017 жылы Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының ассамблеясында сөз сөйлеп, осы қозғалыс туралы, Қазақстандағы әйелдер зорлығы туралы айттым. Ол жақтағы адамдар тіпті қайран қалды. Олар қолдап жатыр. Ал біз осы бағытымыздан жаңылмауымыз керек. Әйелдердің оқиғаларын ашық айтып жатқанын пайдаланып, оларға тиісті қолдау көрсету қажет. АҚШ-тан келгеннен кейін біздің хэштегтің танымалдығы тіптен арта түсті. Қазір қозғалыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Әлі күнге #НеМолчи хэштегі БҰҰ рейтингінде 5-6 орындарды бермей тұр.
Ал БҰҰ біздегі сот жүйесі туралы, мұнда істің жәбірленушінің пайдасына шешілмейтінін біле ме?
Біз БҰҰ-на ұсынылатын бірнеше баяндама дайындадық. Одан бөлек, Бейжің платформасының 25 жылдығы аясында өзге мемлекеттердің заң жобалары да қарастырылады. Міне, сол жерде де біздің баяндама көпшілік назарына ұсынылмақ. БҰҰ сессиясына да жіберіледі. Жалпы, Қазақстандағы жағдай да біртіндеп жөнге түсіп келе жатыр. Біз осыған дейін заңдарды өзгерту, қатаңдату туралы өте көп айттық. Әрине, ол сөзіміз Президенттің де құлағына жеткен сыңайлы. Бүгін ғана Үкіметтің ауыр қылмыстар үшін заңды қатаңдату бойынша 6 заң жобасын әзірлеп жатқанын білдім. Олардың ішінде – сексуалды зорлық, педофилия, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық бар екен. Бұл да болса, біз үшін жақсы жаңалық. Жағдайдың реттелуі үшін, тиісті заңның қабылдануы үшін, зорлыққа ұшыраған әйелдердің жанайқайы ел құлағына жету үшін барымызды сала береміз. Біздің қозғалыс еш жерден қаржыландырылмайды. Өз күшімізбен жұмыс істейміз. Айына, аптасына қаншама тергеу ісіне, сот процесіне араласамыз. Жәбірленушіге қолдан келгенше көмек беруге тырысамыз. «НеМолчиKZ» қозғалысында менен бөлек Алмат Мұхамеджанов және тағы екі адам жұмыс істейді.
Сұхбаттасқан Абай АЙМАҒАМБЕТ
Дереккөз: aikyn.kz