Арыстағы жарылыс кезінде ерлікпен қаза тапқан 44859 әскери бөлімінің сарбаздары Бауыржан Әлімбеков пен Әбдіқұл Ахметовке Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2-дәрежелі «Айбын» ордені берілді, деп жазады 24.kz.
Осыған орай еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арысқа арнайы ат басын бұрып, мемлекеттік марапатты батыр ұлдардың отбасы мен анасына арнайы табыстады.
Айта кетейік, аға сержант Бауыржан Әлімбеков дәл осы 44859 әскери бөлімінде қару-жарақ сақтау қоймасының бастығы ретінде жауапты қызмет атқарған. Ол 10 жылдан бері келісімшарт негізінде осы салада еңбек еткен. Оның соңында анасы, жары мен 4 баласы қалды. Әбдіқұл Нұрланұлы да бөлімше командирі ретінде әріптестері мен қарулас достарына сыйлы жан болатын, - дейді оның көзін көргендер. 2013 жылы келісімшарт негізінде әскери қызметке шақырылған ол 6 жыл өмірін Отан қорғауға арнады. Әбдіқұл да жанұялы. Зайыбы мен анасы оның жалғыз ұлын бағып отыр.
Ләззат Сүйіндікова, Б.Әлімбековтың анасы:
– Ол өте арманшыл. Үміті күшті, алға деген мақсаты зор еді. Бірақ Алланың ісі. Осындай жағдайға душар болдық. Артында қалған 4 балапаны мен келінім аман-есен өмір сүріп, келешекте баламның жоқтығын білдірмесек, сол ең үлкен қуаныш.
Арайлым Қадырова, Ә.Ахметовтың зайыбы:
– Ондай ер азамат бұл дүниеде енді жоқ. Сондай алтын адам болатын. Арман-мақсаты өте көп еді.