Әлеуметтік желілерде таяуда Шамалған станциясында жантүршігерлік апат болған жердегі өткелде тағы да автобус тұрғаны түсірілген видео тарады. Артынша оның жанынан пойыз өткен. Облыстық әкімдіктегілер аталған видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ведомстводағылардың мәліметінше, жедел тергеу шараларының аясында Шамалған станциясында жол апаты орын алған жерде автобусқа ұқсас көліктің қолданылуымен тергеу тәжірибесі жүргізілген.
Ал жергілікті тұрғындар бұл жағдайды дұрыс түсінбей, видеоға түсіріп алып, желіде таратып, темір жол өткелінде автобустың тағы да кептелісте тұрғаны туралы хабарлаған.
«Алматы облысының әкімдігі аталған аумақта ешқандай оқыс оқиға болмағанын ресми түрде хабарлайды. Ол тек жедел тергеу шаралары еді», - дейді әкімдіктегілер.
Сонымен қатар әкімдіктегілер өңір басшысының тапсырмасы бойынша апат орын алған өткелде полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік ететінін мәлімдеді.