Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитеті басқа елдерде террористік қызметке қатысушы тұлғаларды азаматтығынан айыру бойынша халықаралық тәжірибені зерделеуде. Бұл туралы Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мәлімдеді деп жазады «Қазақстан жаңалықтары» АА.
Шойкин Әзірбайжанды мысалға келтірді, онда жақында заңға енгізілген түзетулерге сәйкес басқа елдерде террористік қызметке қатысқан тұлғалар азаматтығынан айырылады.
«Біз экстремизмнің алдын алу және оған қарсы тұру заңнамасының халықаралық тәжірибесін зерделеп жатырмыз. Қазір көптеген мемлекеттер осы проблемалар аясында өз заңдарына өзгерістер енгізе бастады. Қазір, мысалы, біз азаматтығынан айыру мәселесін талқылап жатырмыз. Біз бұл тәжірибені зерделеудеміз, шешім қабылданған жоқ. Көптеген артықшылықтар, кемшіліктер бар», — деді Шойкин бейсенбіде журналистерге арналған тренингте.
Осы шараның кемшілігі ретінде ол бұндай тұлғаларды экстрадициялау және жазалау мүмкіндігінің жоқтығын атады. «Басқа да ұсыныстар бар, атап айтқанда төлқұжатынан айыру. Яғни, азаматтығынан айырмай, террористік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың қозғалысын шектеу үшін төлқұжатынан айыруға болады», — деп қосты комитет басшысы.