Аш қарынға маңызды шешімдер қабылдау - адам үшін пайдасыз әрі тиімсіз. Бұл тұжырымды австралиялық ғалымдар жасаған, деп жазады Rambler.ru.
Сарапшылар осы мәселені шешу үшін 50 адаммен тәжірибе өткізіп көрді. Тәжірибе барысында маңызды шешім шығаруға тиісті сұрақ аш және тоқ адамдарға қойылған болатын.
Сараптама нәтижесі бойынша аш адамдар көбіне тиімсіз ұсынысқа келіседі екен. Тәжірибеге қатысушыларға дәл қазір сыйақы алу немесе біраз уақыттан кейін сыйлық алу ұсынылды, бірақ екі еселенген мөлшерде. Сонымен қатар, ынталандыру үшін ақша, тамақ тегін беріліп, тіпті музыка тыңдауға болатынын айтқан.
Қарны тоқ адам жүлдені шамамен 35 күн күтуге дайын екен, ал аш адам үш күннен артық тиімді ұсынысты күте алмайтынын айтқан.
Сарапшылар аштық адамды төзімділіктен айыратынын анықтап, тіпті үлкен пайда үшін де күтуге келіспейді деген қорытындыға келді. Сондықтан олар маңызды шешім қабылдау алдында тойып тамақтануды ұсынады.