$ 494.87  520.65  4.91

Алматы облысында ер адамды пышақтаған деген күдікпен 27 жастағы азамат ұсталды

Оқиға 15 қыркүйек күні Сарқан ауданының Екіаша аулында болған.

Алматы облысының полицейлері бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматты ауылдасына пышақтады деген күдікпен ұстады. Ал жәбірленуші ауруханада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Оқиға 15 қыркүйек күні Сарқан ауданының Екіаша аулында болған. Екі тұрғынның арасында болған жанжал біреуінің ауыр жарақат алуымен аяқталды. 33 жастағы азамат ауруханаға пышақ жарақатымен түсіп, екіншісі белгісіз бағытта із суытқан. 

Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабына сәйкес «Қасақана ауыр дене жарақатын салу» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Аталған қылмысқа қатысы бар күдіктінің мекенжайын анықтау мақсатында тиісті шаралар қабылданды. 

«27 жастағы күдікті бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ол туралы нұсқама барлық полиция бөлімшелеріне жолданды. Жедел топ күдіктінің соңына түсіп, оны Алматы қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұстады. Қазіргі уақытта күдікті Сарқан қаласына жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеу ісі жергілікті полицейлердің өндірісінде», - деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі. 

Атап өту қажет, полиция қызметкерлері қылмыс құралы болған пышақты іздеп тапты және оны айғақ зат ретінде іс материалдарына тіркеді. Зардап шеккен ер адам әлі күнге дейін дәрігерлердің бақылауында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы