FIFA (Халықаралық футбол федерациясы) президенті Джанни Инфантино әлем чемпионаты жақындаған тұста Иран билігін әйелдерді футбол алаңдарына кіргізбейтін "тыйымды алып тастайды деп үміттенетінін" мәлімдеді, деп жазады Азаттық.
Федерация президенті 19 қыркүйекте жасаған мәлімдемесінде бұл тыйым жөнінде Ирандағы футбол бойынша жауапты шенеуніктермен бірнеше рет байланысқанын, қазір FIFA делегациясы Иранда екенін айтты.
"Позициямыз айқын және нақты. Иран әйелдері футбол алаңдарына кіре алуы керек" дейді ол.
Федерация өкілдері Иранға ерлерше киініп, алаңға кірмек болды деген айып тағылған соң өзін-өзі өртеп жіберген 29 жастағы әйелдің қазасынан кейін келген. "Көгілдір қыз" деген лақабы бар Сахар Ходаяри 9 қыркүйекте Тегеран ауруханасында қайтыс болды.
Бірақ FIFA Иранға сапарлап келуін бұл оқиғамен байланыстырамыз деп ашық айтпады. Федерация Тегеран өкілдерімен Әлем кубогіне іріктеу бойынша 10 қазанда өтетін Иран-Камбоджа матчына байланысты кездескенін мәлімдеген. Бірақ Инфантино мәлімдемесінде Иран билігінен өзгеріс күтетінін аңғартты.
"Белгілі бір қадамға бармас бұрын оның салдары қауіпсіз болуы керек дегенді ойлану қажетін түсінеміз. Бірақ қазір өзгеріс жасайтын сәт туды. FIFA қазанда өтетін ішкі матчтан бастап Ираннан оң өзгеріс күтеді" деді федерация президенті.
10 қазанда Тегерандағы Азади алаңында Иран мен Камбоджа құрамалары 2022 жылы өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін іріктеу матчын өткізеді.
Бұрындары билік футбол көруге не ерлер қатысатын спортты тамашалауға тек іріктелген әйелдер тобын ғана кіргізетін. Иранда әйелдерге спорт нысандарына кіруге тыйым салынатыны ешбір заңда жазылмаған. Бірақ молдалар ерлер жартылай жалаңаш жүретін, боғауыз сөздер айтылатын жерлерге әйелдерді кіргізбеу керек дегенді айтып жүреді.
Құқық қорғаушылар Тегеранға жеткілікті қысым көрсете алмады деп FIFA-ны сынға алған.