$ 494.87  520.65  4.91

«Өмір мен өлім арасында»: Шамалғандағы апатан зардап шеккендердің жағдайы қалай?

Ақ халаттылар Шамалғандағы жантүршігерлік апаттан зардап шеккен 3 және 5 жасар қыздардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп отыр.
Фото: Азаттық
Фото: Азаттық

Өмір мен өлім арасында жатыр! Шамалғандағы темір жол апатынан зардап шеккен 3 және 5 жасар қыздың беті бері қарайтын емес. Бүлдіршіндер Қарасай ауданындағы ауруханадан Алматыға ауыстырылған. Дәрігерлердің де болжамы көңіл көншітпейді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Ақ халаттылар Шамалғандағы жантүршігерлік апаттан зардап шеккен 3 және 5 жасар қыздардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп отыр. Миы шайқалып, бірнеше жері сынған бүлдіршіндердің беті бері қарар емес. Күні кеше ғана аудандық ауруханадан қалаға ауыр халде ауыстырылған оларға дәрігерлер қолдан келгенше көмек көрсетіп жатқанын айтады. 

Дінмұхамед Рузуддинов, Алматы қалалық №1 балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: 

- Екі балада да қосарланған жарақаттар бар. Миы зақымданған. Үлкен балада бас сүйектері сынған. Оған ота жасалған. Кішкентай баланың басы сынбаған, бірақ басы қатты соғылған. Қажет емнің барлығы қабылданып жатыр. Қазір болжам айту қиын.   

Ал осыған дейін ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатқан екі баланың анасы ортақ палатаға ауыстырылыпты. Көзін ашып сөйлей бастаған 33 жастағы келіншектің жағдайы жақсарған дейді дәрігерлер. Дегенмен оған әлі екі күрделі ота жасалу керек. 

Апаттан жапа шеккен әйел Алматыдағы 7-қалалық ауруханада ем-дом қабылдауда. Оның да миы зақымданып, жамбас және қабырға сүйектері сынған.   

Жасұлан Арғынбаев, сынықшы: 

- Қазіргі жағдайы орташа ауыр дәрежеде. Болашақта жамбас сүйегіне және қабырға сүйектеріне ота жасалады. Оның толық емделіп кетуіне үш, үш жарым ай керек.  

Өткен аптада Алматы облысындағы Шамалған станциясында жолаушылар пойызы өткелдің үстіне тұрып қалған автобусты соққан еді. Отарба жарты шақырым жерден белгі берген әрі бағдаршамның да қызыл түсі жанған. Алайда ұзын-сонар кептелістің салдарынан автобус ары-бері жүре алмай тұрып қалды. Қайта ішіндегі 67 адамның көбі түсіп үлгерді. Автобус ішінде қалып қойған жүргізуші жан тапсырып, жас келіншек екі қызымен жараланған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары