Алматы облысында жұрт төрт түлікке беретін су таппай отыр. Қуаңшылықтан еккен егіні қурап кеткен. Себебі, Тескенсу ауылынан жерді жалға алған шаруа қожалығының таудан келетін судың жолын бөгеп тастаған. Аптап ыстықта шалшық суды ішкен сиырлар ауруға шалдықса, көктемнен бері бел жазбаған диқандар еңбегінің зая кеткеніне қапалы, деп хабарлайды КТК.
Еңбекшіқазақ ауданының Тескенсу ауылының тұрғындары бұрын таудан аққан суды суармалы мақсатта емін-еркін қолданатын. Соңғы жылдары жер телімдері 49 жалға берілгендіктен, табиғи ресурстың қожайындары пайда болған. Қазір олар шағын өзеннің айналасына ешкімді жолатпайды.
Сәния Кітапбаева, Тескенсу ауылының тұрғыны:
«Мал ұстап, кішкене балашағаны есейтудің орнына малымызды бағатын жер жоқ, ішетін су жоқ. Міне, мына жатқан өзенді сатып алған, үлкендер бермейді. Өзенді айналдыра қоршап алған, жібермейді. Малды қаңсытып қояды. Жайылымымыз тарылып кетті». Өрісі тарылып, қорадағы малы шалшық су ішіп, түсініксіз дертке шалдыққан тескенсулықтар шарасыз күйге түскен. Амалы таусылған олар ортақ арықты меншіктеп берген атқамінерлерді жазаламақ. Алтынбек Смайылов, Тескенсу ауылының тұрғыны:
«Мал ауырып қырылып жатыр. Ауру көп. Шетінен дәрілеп жатыр. Дәрілесе де, арт жағынан сідіктің орнына қан кетіп жатыр, қан сиіп жатыр. Ал енді ешқандай нәтиже жоқ».
Тескенсу ауылында диқаншылықпен айналысатын жұрт судың зардабын тартып отыр. Олай дейтін себебіміз, алқапты жалға алған шаруа жаз бойы қауын-қарбыз өсіріп пайда табуды жоспарлаған. Қазір бұл жерде өсіп тұрған қауын-қарбыз жоқ. Себебі, су жоқ болғандықтан, еккен өнімдері сол күйі шіріп кеткен.
Жерді игеріп жан бағып жүргендердің бірі – Айдос Оразбаев. Мүмкіндігі шектеулі жан жарты миллионнан аса ақшаға шығындалыпты.
Айдос Оразбаев, Тескенсу ауылының тұрғыны:
«Жалға алдық осы 4 гектар жерді. Мұның әрбіріне целлофандарды төсеп, қауынқарбыз егеміз. Бір орамасы 25 мың теңге тұрады. Бір гектарға 2 орама кетеді. Ал есептеңіз. Арықтың бәрін көміп тастаған. Міне, бәрі өспей, іріпшіріп қалды. Шөп арасында қалды».
Тұрғындардың айтуынша, тыңайтқыш сатып алып, техника мен жұмысшыларды жалдаған. Қолдан жасалған қуаңшылықтың кесірінен ісі аяқсыз қалды. Таудан төменге табиғи жолмен қарай ағатын суды алу әзірге мұң болып тұр. Ал жер иелері өздерінікі дұрыс екенін айтады. Құжатының бәрі заңды. Атқамінерлер мәселені шешудің басқа жолын қарастырып жатырмыз дейді.
Алтай Досымбаев, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары:
«Бұрынғы арықтың тұсынан сол шаруа қожалығы өздерінің теңгеріміне алып, биыл біз бюджеттен ақша бөлдік. Суғару кезеңі біткеннен кейін қазір тоқтады. Мердігерлер бар. Биыл сол жұмысты аяғына дейін бітіріледі».
Яғни, тескенсулықтар үшін бөлек арықтар қазылады. Оларға қажетті тіршілік нәрі Үлкен Алматы арнасынан тартылмақ. Осы мақсатқа қазынадан 15 млн теңге бөлінген.