22.09.2019, 16:21

5 жастағы жас азамат әскерге шақырту алды

Сонымен қатар, өзімен бірге алып келу үшін құжаттар тізімін ұсынған.

Украинаның Гребенки ауылының жергілікті әскери комиссариаты 5 жастағы жас украиналық азаматқа әскерге шақыру жіберген. Бұл туралы "Страна.ua" басылымына сілтеме жасап massaget.kz хабарлады. 

Әскерге шақыру қағазында, Украинаның "Әскери борыш және жауынгерлік қызмет" заңына сәйкес, шақырылған азамат 23 қыркүйекке дейін әскери коммиссариатқа ата-анасының біреуімен келуге тиісті екені жазылған. Сонымен қатар, өзімен бірге алып келу үшін құжаттар тізімін ұсынған.

Бұл туралы, әскерге шақырылған баланың анасы Екатерина Михальчук Facebook желісінде былай деп жазды: 

«No comments дегеннен басқа айтарым жоқ. Ұлыма әскерге шақырту келіпті, бірақ, ол әлі 5 жаста ғой», - деп жазды Екатерина Михальчук. 

Риа Новости интернет-ресурсының хабарлауы бойынша, әскери комиссариатта түсінбестік орын алған. 2013 жылы дүниеге келген баланың құжаттары кездейсоқ 2003 жылы туған азаматтардың құжаттарына қосылып кеткен. Гребенки ауылының әскери комиссариаты бұл жағдайға байланысты Facebook желісі арқылы кешірім сұрады. 

Украиналықтарды мұндай жағдай орын алған жағдайда, бірінші бірден желілерге емес, жергілікті әкімшілік басқармаларға хабарлауды сұрады. Баланың анасы қазіргі уақытта Facebook парақшасындағы жазбасын өшірді.  

Тегтер: әскер шақыру