$ 494.87  520.65  4.91

Қарағандыда Алтын Орданың ескерткіштерін аралап өтетін ғылыми-танымдық экспедиция жолға аттанды

Экспедиция Жастар жылы аясында ұйымдастырылды. Алтын Орданың 750 жылдығына арналған жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда.

Қарағандылықтар «Ұлытау – Алтын Орданың бесігі» атты ғылыми-танымдық экспедицияға аттанды. Оның құрамына жас тарихшылар, географтар, өлкетанушылар, студенттер, журналист-блогерлер, суретшілер және түсіру тобы кірді. 

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында экспедицияға қатысушыларды сапарға шығарып салды. 

«Ат басын тірейтін алғашқы тарихи нысан-Болған ана кесенесі. Құрылыс 13-14 ғасырларға жатады, бұл Алтын Орда кезеңі. Бес күн ішінде экспедиция мүшелері Ұлытау ауданының барлық кесенелерінде болады. Елбасы атап өткендей, біз өз тарихымызды біліп, оны оқып, болашақ ұрпаққа беруіміз керек. Сондықтан экспедицияға қатысу үшін біз жастарды таңдап алдық», - деп атап өтті облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағанбетов.

Экспедиция Жастар жылы аясында ұйымдастырылды. Алтын Орданың 750 жылдығына арналған жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Ол сондай-ақ Тұңғыш Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған.

Экспедицияның бастамашылары Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайы болды. 

«Экспедиция Алтын Орда тарихын одан әрі зерттеуге ықпал етеді. Біздің еліміз үшін бұл тек мәдени жағынан ғана емес, саяси және экономикалық тұрғыда зор маңызға ие», - дейді «Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесінің бас менеджері Серік Санаубаев. 

Экспедиция қатысушыларына Алтын Орда кезеңінің ескерткіштерін зерделеу керек болады. Бағыт Хан Ордасы қалашығына, Жошы хан, Алаша хан, Аяққамыр, Болған-Ана, Белен-Ана, Құлан-Ана кесенелеріне және басқа да қасиетті орындарға баруды қамтиды. Қатысушылар Алтыншоқы шыңына, Басқамыр және Аяққамыр тауларына көтеріліп, Теректі әулие археологиялық кешеніне барады.

«Мен суретші ретінде бәрін тіркеп, сурет саламын. Өздерімен бірге барлық қажетті материалдарды алдым. Экспедиция аяқталғаннан кейін Алтын Орданың 750 жылдығына арналған үлкен картина жасауды жоспарлап отырмын»,-деді суретші Мәдихан Қалмаханов. 

Ұйымдастырушылар сапар қорытындысы бойынша қысқаметражды фильм жасап, фотоальбом, карталар мен буклеттер шығару жоспарланып отырғанын хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау Халықаралық туристік форумда аудан халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс екендігін мәлімдеді. Бұл үшін қажетті жұмыстар Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы тиіс, деп атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары