Дәрігерлер дәретханада смартфон қолданудың несімен қауіпті екенін айтып берді. Мамандардың пікірінше, адамдар телефон ұстаған кезде дәретханада анағұрлым ұзағырақ отырады.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Sun басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандар дәретханада телефон ұстайтын адамдардың телефонсыз отыратындарға қарағанда, дәретханада ұзағырақ уақыт өткізетінін айтады. Өз кезегінде ол гемморойлық түйіндердің пайда болуына, яғни артқы тесіктегі тамырлардың кеңеюіне алып келеді. Нәтижесінде бүкіл жерде смартфонды бірге алып жүру әдеті геморройға себеп болуы мүмкін.
Дәрігер Сара Джарвистің сөзінше, дәретханаға барған кезде телефондағы қосымшаларды пайдаланудың қажеті жоқ. Ол Ұлыбританияда геморрой проблемасы кең тарағанын, алайда адамдардың ол туралы айта бермейтінін жеткізді. Джарвистің айтуына қарағанда, орташа есеппен, Ұлыбританияның әрбір төртінші тұрғынында іш қатуы кездеседі.
Джарвис бұған дейін адамдардың дәретханаға «жақсы кітап» алып барғанын, ендігі оны ұялы телефон алмастырғанын айтты. Бұл ретте ол құрылғыны бұғаттауға немесе басқа бөлмеде қалдыруға кеңес береді.
Ал дәрігер Лиза Акерли дәретханаға телефон алып баратындардың құрылғысында норовирустан бастап, сальмонеллаға дейінгі түрлі микробтар өріп жүруі мүмкін екенін айтты. Алайда адамдар дәретханаға телефонды алып бару әдетін тастай алмауы мүмкін деген дәрігер өз кезегінде бірнеше кеңес берді. Ол оңқайлар дәретханада отырған уақытта телефонды сол қолымен ұстап, қолын жуғанша басқа ештеңені ұстамағаны дұрыс дейді. Осылайша, микробтардың телефонға түсу мүмкіндігі төмендейді.
Басылым сүйенген зерттеудің мәліметінше, ұлыбританиялықтардың 57 пайызы дәретханада смартфонды жиі пайдаланады екен. Ал 8 пайызы үнемі телефонмен отырады. Ал сіз дәретханада телефонды қаншалықты жиі ұстайсыз?