2018 жылы өңір бойынша 161 робототехника кабинеті жұмыс істеген болатын. Жыл соңына дейін тағы 20 робототехника кабинетін ашу жоспарланған. Яғни, көрсеткішті 50 пайызға жеткізу мақсаты алға қойылып отыр.
«Былтыр аймақта дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT-лицей-интернат ашылды. Онда 7-9 сынып оқушылары білім алып жатыр. Ал Тараз қаласында өткен жылы 14 IT-сынып ашылған еді, биыл оның санын 50-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді Жамбыл облысы Білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова.
Ақпараттық технология тәсілдерін үйрететін IT-сыныпта информатика пәні мұғалімдері сабақ береді. Облыс мектептерінде жалпы 790 информатика пәні мұғалімі қызмет етеді. Олардың 62%-ы «Робототехника негіздерін» меңгерсе, 46%-ы «3D-принтинг және бағдарламалау» тақырыбы бойынша арнайы біліктілік курсынан өткен.
Қазіргі таңда өңірдегі мектеп оқушылары робототехника мен бағдарламалау пәндері бойынша халықаралық және республикалық байқауларға қатысып, үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Нақтырақ айтсақ, соңғы 2 жылда халықаралық конкурстарда 10 оқушы жеңімпаз атанса, былтырғы республикалық жарыста 30 бала жүлделі орын алған. Ал 2019 жылдың 5 айы қорытындысы бойынша, 54 оқушы жүлдегер атанған. Бұған қоса, Жамбыл облысы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ақпараттық талдамалық орталығы» дайындаған «Қазақстандағы білім беру жүйесінің ахуалы мен дамуы» туралы баяндамада орта білімнің сапасы мен басқа да нәтижелер индексі бойынша 2 орын алды. \Айта кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, IT-мамандарды даярлау міндеті ерекше назарға алынып отыр. IT-сыныптар мен орталықтар арқылы білім алушылар робототехника негіздерін, бағдарламалауды, Web cайттар ашуды, цифрлық тәсілдерді және т.б. үйрене алады.