Талдықорған қаласында «Қызылтас» саяжайы аумағында Қаратал өзені арқылы өтетін екі көпір салынбақ. Дәл осындай өтінішпен саяжайлықтар облыс әкімі Амандық Баталовқа өтініш айтқан болатын. Мәселенің шешімі көп күттірген жоқ. Биылғы жылдың желтоқсан айына дейін жобалау жұмыстары аяқталады. Барлық қажетті процедуралар аяқталған соң келесі жылдың көктемінде құрылыс жұмыстары басталмақ. Жоспар бойынша жұмыс 11 айға созылады. Бұл туралы өңірдегі құрылыстар жобаларының таныстырылымында айтылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа көпірлермен бірге облыс әкіміне Талдықорған қаласында іске асырылатын басқа да жобалар көрсетілді. Амандық Баталов Алматы – Талдықорған трассасының қалаға кіреберіс аумағындағы құрылыстарға, абаттандыру, көгалдандыру жобаларына ерекше назар аударды. Облыс әкімінің тұрақты бақылауымен дайындалған бұл жобада ұсақ-түйекке дейін ескерілген. Бұл велосипед жолдарына, жасыл желектің түрлері мен формаларына, шағын архитектуралық формалардың орналастырылуына, жарықтандыру мен автоматты суару жүйесіне және тағы басқаларға да қатысты.
"Бұл аумақ – қаланың кіреберіс қақпасы, қаланың бет-бейнесі кіреберістен басталады. Сондықтан бұл жобада барлығы халыққа қолайлы, сапалы, эстетикалық талғамға сай жасалуы тиіс", - деп атап өткен А. Баталов қала әкімі Ғ.Әбдірайымовқа жобаны жүзеге асыру жұмыстарын бастауды тапсырды.
Ал Талдықорғанға кіре беріске жақын аумақтың жобасын облыс әкімі сынға алып, оны дайындауды басқа сәулетшілер мен жобалаушыларға беруді тапсырды.
Қаланың оңтүстік-батыс ауданында бірқатар қажетті нысандар бой көтермек. Ең бірінші жабық коммуналдық базар салынатынын атап өтуге болады. Замануи базардың жалпы алаңы 40 мың шаршы метрді құрайды, барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылған сауда орны Астана даңғылының Алдабергенов көшесімен қиылысынан салынбақ. Жобада аумақты абаттандыру қарастырылған, көлік қоятын алаң, жүк машиналары тоқтайтын орын, демалыс пен ойын алаңдары да жасалады. Облыс әкімі жобаға келісімін берді.
Ал 6-шы шағын ауданда орналасуы тиіс 1200 орынды жаңа мектептің жобасы мақұлданбай, жоба толығымен қайта жасалатын болды.
Тұрғын үй құрылысына, соның ішінде аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған баспаналардың салынуына да елеулі көңіл бөлінді. Жалпы биылғы жылы Талдықорғанда 122,3 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарланған. Коттеджді қалашық жаңа тұрғын аудан ретінде бой көтереді. Жуық күндерде 155 үй берілмек.
Сол сияқты облыс әкіміне білім беру, денсаулық сақтау, коммуналдық шаруашылық нысандары құрылысының жобалары да ұсынылды. Олардың қатарында Райымбек ауданы Нарынқол ауылындағы 250 келушіге арналған емхана, Талдықорғандағы 25 төсек орындық стационары бар 150 келушіге арналған емхана, Қапшағай қаласында 900 орынды, Қарасай ауданы Үштерек ауылында 600 орынды, Панфилов ауданы Басқұншы ауылында 300 орынды мектептер және басқа да нысандар бар. Аталған жобалардың бірқатарын облыс әкімі мақұлдады, кейбіріне шатырларының түрі, түстік үйлесімдері тұрғысынан өзгерістер енгізу қажеттігі айтылды. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін облыс әкімінің келісімін алуға ұсынылатын болады.
Жалпы осы күні 200-ден астам жоба таныстырылды. Олардың барлығы да облыста жүзеге асырылады. Болашақта салынатын ғимараттар халыққа ұзақ жылдар сапалы әрі жайлы қызмет етуі үшін әрбір жоба егжей-тегжейлі қаралады.