Атыраулық бойжеткен Индираның әлеуметтік желіге әуестігінің арты үлкен қасіретке душар еткізді, деп жазады ҚазАқпарат.
Бойжеткеннің оқиғасын оңалту орталығына түскен қыз келіншектермен жұмыс жасайтын теологтар жазып алған.
Бүгінде ұялы байланыс пен айшылық жерден жылдам хабар алғызар әлеуметтік желі қоғамның әр саласына дендеп енгені анық.
Қазір әлеуметтік желісіз ешбір жұмыстың қиюы келіспейді.
Алайда, әлеуметтік желіден келетін зиянның пайдасынан асып түспесе кем түсері жоқ. Әсіресе, жастардың көпшілігі екі әлемде, шынайы әрі виртуалды әлемде өмір сүріп жүр.
Теолог мамандар Сирияға жиһадқа аттанғандардың көпшілігінің оқиғасы ВК, Фейсбук, Инстаграм, Whatsapp арқылы таныстықтан басталған дейді.
Соқыр сезім жетегінде кеткен Атыраулық Индира ВК арқылы болашақ жарымен танысқанда небәрі 15 жаста болған. (Есімі кейіпкердің қалауымен өзгертілді).
Ал оған сөз салған жігіт Алматы тұрғыны болып шықты.
Ерік өзінің намаз оқитынын, бойдақ және үйленуге ниетті екендігін, жасы 25-те екендігін айтады.
«Жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады» демекші аз ғана уақыт ішінде Ерік Индираның жүрегін жаулап алады. Екеуі ВК желісі арқылы күнде жазысып тұратын болды. Қолдары қалт етсе телефонға үңіледі.
Мектепті бітіруге шақ қалған Индира балалығының арқасында Еріктің сөзіне бірден алданып қалады. Оның намаз оқығандығына, салиқалы жігіт екендігіне сеніп, осы жігітті өзінің болашақ жары ретінде көреді.
Қыздың мінез-құлқындағы өзгерісті туыстары да, жақындары да, мектеп ұжымы да байқайды. Тіпті күндердің күнінде Индира сабаққа хиджаб киіп келеді. Өйткені бұл жігітінің талабы болатын.
Ол өзінің сүйген адамының айтқанын екі етпей орындайтын болды.
Таныстықтарына екі ай көлемінде уақыт өткен соң Ерік Индирамен кездесуді жөн көріп Атырауға аттанады.
Бұрын-соңды оған ешкім бұлай көңіл бөліп, арнайы келмеген соң ба Индираның көңілін Ерік бірден жаулап алды.
Арада аз уақытта-ақ Индира тек Еріктің айтқанымен жүретін болды. Бар деген жеріне ғана барып, оқы деген кітаптарын ғана оқитын болды.
Әлеуметтік желіден бөлек кездесу барысында да құдай туралы, ислам діні туралы көп уағыздар айтады. Индира дінге бет бұрып, Еріктің айтуымен таза дінді ұстанатын осы уағызшылар деп таныстырған Ділмұраттың, Назратулланың, Октамның уағыздарын тыңдап бастайды. Бірнеше күнде Индира адам танымастай өзгеріп, тұйықталып, сабағы нашарлап, тек сол Еріктің айтуымен жүретін болды.
Индираның ата-анасы бұл кезде жұмысбасты болғандықтан, қызының істеп жүргенінен бейхабар болатын. Баласының тәрбиесінен қол үзіп қалған ата-ана бұл бейқамдығына кейін опық жеді.
Ерік Индираға тұрмысқа шығу туралы ұсынысын білдіріп, бақытты да баянды ғұмыр сүруге сендіреді.
Бұл сәтті асыға күткен Индира сол күні Еріктің үйлену туралы ұсынысын қуана қабыл алады. Бұл мезетте одан бақытты адам жоқ болатын.
«Ата-анамның ақ батасын алайын» деп именген Индираға Ерік «ата-анаң Алланың бұйрығын орындамаса сенің тұрмыс құруыңа ол кісілердің ақ батасы жүрмейді, өйткені олар мұсылман емес, ал мешіт имамдарының ұстанымы дұрыс емес. Олар Алланың емес, мемлекет не дейді соның сөзін айтады, ал мемлекет шариғат заңымен басқарылмағандықтан ол мұсылман мемлекеті болып саналмайды» - деп сендірген.
Аузынан ана сүті кеппеген бойжеткен сөйтіп санасы уланып, ата-анасына, мешіт имамдарына, мемлекетке қарсы бола бастайды. Не болса, да сүйген адамыммен көремін деп бекінеді.
Атырауда жүргенде Индира мен Ерік орталық «Дина» базарына барып некелерін қидырған.
Ерік өз сеніміндегі жігіттермен танысып, некелерін қиып, куәгер болуларын өтінеді. Ол жігіттер бірден келісе кетіп дәл көшенің ортасында Индираны теріс қаратып өздері түсініксіз нәрселер оқып некелерін қиған. Сол мезетте-ақ жолдың арғы бетіндегі қонақ үйге барып неке түнін өткізген.
Осылайша Ерік негізгі жұмысы біткен соң Алматыға қайта оралады.
Ал Индира екеуі әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп жүре береді.
Қыздың мінезінің қатты өзгергенін бірінші байқаған мектеп ұжымы дабыл қағып, тиісті органдарға хабарлайды.
Мұғалімдердің айтуынша, қыздың сабаққа ынтасы төмендеп, дінге құлшынысы арта түскен.
Оны естіген ата-анасы Индираны теологтармен кездесуге алып келеді. Бір-екі күндік кездесуде ашыла қоймаған Индира үшінші күні психолог және теологтың кездесуінен кейін бар жан сырымен бөлісе бастайды.
Тексере келе Еріктің жеке басы туралы ақпарат анықталады. Ол 1994 емес, 1983 жылғы, сондай-ақ, бірінші әйелімен ажырасқан, екінші әйел ретінде өзінің Сирияда қайтыс болған туған ағасының әйелін әмеңгерлікпен алғаны анықталды.
«Сондай-ақ Индираға берген барлық діни ақпараты псевдосәләфилік бағытқа тән екенін білдік. Санасы уланып, махабатқа берілген Индираны бұл жинаған ақпараттарымызға сендіру оңай болмады. Қызбен тұрақты кездесіп, дәстүрлі ислам діні туралы, ата-ана туралы, неке туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырдық. Бірнеше ай өткен соң Индира бізбен кездескісі келетіндігін айтып өзі қоңырау шалды. Кездесу барысында Индира өзін жабырқаулы, көп нәрседен шаршаған адам ретінде көрсетті. Әңгімелесе келе Еріктің ұялы телефон номерін жиі өзгеретінін, өзі босаған кезде хабарласам деп айтатындығын, Алматыға алып кетемін деген сөздерінен мезі болғандығын айтып көз жасына ерік берді. Әрине көпті көрген адам оның алданғанын білсе де, 15 жастағы қыз оны қайдан білсін! Біздің сөздеріміз оған жұбату болғанымен, сезімі әлі де бар екендігі көрініп тұрды. Осы кездесуден екі ай көліменде уақыт өткен соң Индира өзі тағы да қоңырау шалып бізбен кездескісі келетіндігін айтады. Мүлде оқығысы келмейтіндігін, өзін жек көретіндігін айтып шағымданды. Анықтап сұрасақ, Ерік мүлде жоқ боп кеткен. Ойлап қараңызшы жәй ғана әлеуметтік желінің соңы қыздың тағдырын ойрандады, оны теріс ағымға бейімдеді, болашағына балта шапты. Бұл жалған неке құрбанына айналған тек бір ғана оқиға. Ал бұдан бөлек айтусыз-сұраусыз, жабулы қазан күйінде жатқан қанша оқиға бар?», - деді Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» теологы Назерке Жетпісбайқызы.
Абырой болғанда, 16 жастағы Индира ата-анасының, ұстаздарының дер кезінде жасаған әрекетінің арқасында жиһадқа аттанудан аман қалды.