Кеше түнде Қарағанды-Жезқазған трассасында екі адамның өмірін қиып, төрт адамды жарақаттаған жантүршігерлік апат болды. Қайтыс болғандар полиция қызметкері мен оның жұбайы болып шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қарағанды облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жол-көлік оқиғасы Қарағанды-Жезқазған тас жолында Кулайғыр ауылынан бес шақырым жерде болған.
«40 жастағы ер адамның басқаруындағы Ауди және 25 жастағы азамат тізгіндеген ВАЗ көлігі соқтығысты.
Апат салдарынан полиция қызметкері екені анықталған ВАЗ жүргізушісі және көліктегі 21 жастағы жолаушы қайтыс болды.
Тағы 22 жастағы азаматша медициналық мекемеге жатқызылды», - деп хабарлады облыстық департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Audi көлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға түсті.
«Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345 бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Апаттың мән-жайы анықталуда », - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.