Павлодарда спорт саласынан елде болмаған ерекше жарыс ұйымдастырылды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Дойбыдан өткен турнирде Шарбақты ауылының тұрғыны Нұрлан Құсайынов жеңіске жетті. Екінші орынды Малыбай ауылынан келген Әділет Жеңіс, ал үшінші орынды Әйтей ауылынан келген сапар Әлімханов иеленді. Май ауданынан келген Марат Шәмшиев 24 келілік кір тасын 25 рет көтерді.
Жарысқа барлығы 80-нен астам адам қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрмет грамоталары мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
«Арқан тартуда Шарбақты ауылының командасы басым түсті, - деді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Артем Сальников. – Екінші орынды Шақа ауылдық округі, ал үшінші орынды Аққулы ауылының тұрғындары иеленді».
Бұл спорттық сайыстың ерекше болатыны, дойбы мен кір тасын көтеру түсінікті, ал қарбызды боулинг етіп ойнауды бұрын-соңды кім көрген?! Шамасы, солтүстікке күздің қара суығы ерте жетіп, қарбыз-қауынды тұтыну маусымы аяқталғаннан кейін, сауда-саттықта өтпей қалған өнімдерді осылай ысыраптауға тура келген болар. Әлде, бұл Ресейдің Краснодары жағында өткен дәл осындай сайысқа еліктеу ғана ма екен?..
Қалай десек те, бұл «боулингте» қарбыз жарудан алдына жан салмаған шарбақтылықтар көш бастаған. Сондай-ақ, осы ауылдың тұрғыны Айбек Айтқұлов армрестлингтен үздік атанып отыр.