30.09.2019, 14:55

4 ай бұрын жоғалған зейнеткерді жанжал барысында ұрып өлтірді деген көршісі күдікке ілінді

фото: elnur.kz
Зейнеткердің өлімі бойынша қылмысты анықтауға туыстарының арызы негіз болған. Олар осы жылдың маусым айында полицияға Сарыағаш ауданының бір ауылында тұратын анасы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткенін айтқан.

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында төрт ай бұрын жоғалып кеткен зейнеткердің мәйіті көршісінің ауласынан табылды, - деп хабарлайды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап holanews.kz.

Егде жастағы әжейді көршісі өлгенше ұрып-соғып, денесін өз үйінің ауласына көмгені мәлім болды. Күдікті зейнеткермен көрші үйде тұрған, Қазығұрт ауданының тұрғыны екені анықталды. 

Оның сөзінше, зейнеткер әйел екеуінің арасында қарыз салдарынан жанжал туындаған. Жанжал барысында күдікті әйелді өлгенше ұрып-соғып, денесін өз үйінің ауласына көміп тастаған. Полиция қызметкерлері із-түзсіз жоғалған адамның мәйітін көмілген жерінен тауып, оны сараптамаға жіберген. 

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 99-бабы «Адам өлтіру« бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Полиция қызметкерлері болған қылмыстың барлық мән-жайын анықтауда.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, зейнеткердің өлімі бойынша қылмысты анықтауға туыстарының арызы негіз болған. Олар осы жылдың маусым айында полицияға Сарыағаш ауданының бір ауылында тұратын анасы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткенін айтқан. 

Содан кейін полиция бөлімінен криминалдық полиция мен тергеудің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, жоғалған зейнеткерді іздестіру жұмыстарына криминалистер мен учаскелік инспекторлары да жұмылдырылған.

Жоғалған әйелдің жалғыз тұратынын ескерген жедел уәкілдер оның барлық таныстарын, сондай-ақ, соңғы уақытта кімдермен қарым-қатынас жасағанын анықтап, төрт айдан кейін ғана қылмыстың беті ашылған.